Соғыс ардагерлері мен бүгінгінің батырлары туралы жаңа кітап шықты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Анықтамалық-энциклопедиялық жинақ «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның қазақстандық ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, сонымен қатар ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолдауымен жарыққа шықты. Шараға әйгілі ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен бұрынғы ішкі істер министрі, Халық қаһарманы Қайырбек Сүлейменов қатысты.

«Бұл – келесі ұрпаққа зор өнеге. Осындай ерліктің арқасында, осындай азаматтардың арқасында егемендікті алып, бүгін үлкен бір жарқын мемлекет болып, дамып жатырмыз. Мен өз атымнан, сондай-ақ әріптестерімнің атынан соғыс ардагерлеріне, Халық қаһармандарына тағзым етіп, осыны бастаған үлкен ұжымға алғысымды білдіргім келеді», - деді министр Марат Ахметжанов.


 

Халқымызға бейбіт күндерді сыйлаған батырлардың өмірінен сыр шертетін кітаптың тұсауын кесу мәртебесі құрметті қонақтарға берілді.

«Біздің ұлы дала батырларын ұмытпай, еске алып, тарихты жинап, кітап шығарғандарыңызға рақмет!» - деді Тоқтар Әубәкіров.

«Мұндай кітаптар бірінші кезекте біз үшін емес, жастарымыз үшін, жеке құрам үшін және жалпы мемлекетіміздің жас буынына арналады», - деп атап өтті Халық қаһарманы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов.

Шара барысында ІІМ ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Болсамбеков ведомство мұражайына тарихи энциклопедияны сыйға тартты.