Бүл туралы президент неміс журналистінің сұрағына жауап беру кезінде айтты, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Неміс журналисті Тоқаевтың Украинадағы соғысқа қатысты бұған дейін айтқан пікірін еске салып, бүгінде Ресей президенті Владимир Путинге не айтар еді деген сұрақ қойды.
Тоқаев өз жауабында қақтығысты реттеуге қатысты ұстанымын және Ресей президентімен қарым-қатынасы туралы айтты.
”Мен Президент Путинге осы мәселеге қатысты жеке ұстанымымды үлкен түсіністікпен қабылдағаны үшін ризамын. Өйткені біз, барлық мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей президенті де Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекет қайраткері деп санаймын”, - деді мемлекет басшысы.
Президент бұл пікірінің Ресей басшысының мемлекет басқарудағы тәжірибесі мен ұстанымдарына негізделгенін түсіндірді.
“Мен оны өте жақсы білемін. Ол күрделі тарихы және өз елінің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінуі бар үлкен мемлекеттің басшысына қажетті қасиеттердің бәріне ие. Әрине, Украинада болып жатқан жағдайға бәріміз алаңдаймы”, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарына қатысты ұстанымына да тоқталды.
“Басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін ұстанатынын айттым. Біз барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу және сақтау қағидатын талап етеміз. Бастапқы кезден-ақ украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне және, әрине, украин тіліне үлкен құрметпен қарайтынымызды айттық”, – деді ол.
Президент бұған дейін Путинге айтқан “соғысты уақытша тоқтату” пікірін түсіндіріп өтті.
“Мен соғысты дереу тоқтату керек деген жоқпын. Қазіргі жағдайда бұл іске асуы қиын екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды уақытша тоқтатып, дипломатиялық келіссөздер процесіне көшу керек дегенді айттым”, – деді Тоқаев.
Қазақстанның Ресей және Украинамен қарым-қатынасына тоқталған президент екі елмен тарихи әрі географиялық байланыстарды ескеру қажеттігін айтты.
“Украина аумағында не болып жатқанына қарамастан, Ресей де, Украина да біздің жақын достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз. Ресейге қатысты Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырым болатын ортақ шекара бар екенін ұмытпау керек. Бұл әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Бұл осы елмен достық қарым-қатынасты дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Қазақстан аумағында 2,7 миллион орыс ұлты тұрады. Елімізде православ шіркеуі де кең көлемде жұмыс істейді және біз оған үлкен құрметпен қараймыз. Сондықтан осының бәрін ескеру қажет”, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау қажеттілігімен байланыстырды.
“Асығыс шешім қабылдауға болмайды. Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз. Қазір дамуымызда айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатырмыз. Көрсеткіштер біздің алға жылжып келе жатқанымызды жеткілікті түрде дәлелдеуде. Сондықтан Президент ретінде елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Осы арқылы Қазақстанмен көршілес аумақтағы бейбітшілікке қол жеткізуге және соғысты тоқтатуға қолдан келгенше үлес қосуды көздеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.