"Сол шалға қолыңды ұстата салғанда ештеңе болмайтын еді": Роза Бағланова Хрущевтің оғаш әрекетіне қарсы шыққан

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ықылас Ожайұлының фейзбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Автор Роза Бағланова туралы әлдебір есетелік пост жазыпты.

"Шерлок Холмс өзінің нағыз серіктес досы, дәрігер Уотсон мырзаға
"Сіз көресіз, бірақ еш байқамайсыз" дейтін еді ғой.
Төмендегі әйгілі әнші Роза Бағланованың мына бір шағын сұхбатында берген деректер де біздің көп дүниені көргенімізбен еш байқамайтынмызды аңғартады.

"...Бірде Хрущев Қазақстанға келгенде, қонақжай дастархан тарқағанда бәрі мені біріншінің қасында қалдырып кетті.
Бас хатшы оқыстау қимылмен қолымнан ұстағысы келді. Қолын қағып жібергенде құлап қала жаздады. Өзім де байқамай қалдым. КГБ-ның жігіттері сау ете қалды. Мұным ағаттық болды-ау деймін.
Үлкен ағалар да ренжіді: «Сол шалға қолыңды ұстатқанда ештеңе де болмайтын еді», - деп. «Ол енді Қазақстанға қырын қарайтын болды ғой», - деді Димекең...».
(Тележурналист Ұлдай Ибайдуллаеваға берген сұхбатынан қысқаша үзінді).

Біздің осы әйелге деген көзқарасымызда көп кінарат бар секілді көрінеді де тұрады. Айтыңызшы, мына сұхбаттағы ақпарға саналы адам бей-жай қарай ала ма?


Қазақтың Розадай маңдайына біткен бағы мен гүлін еш шімірікпестен харассментке қиған Қонаевтың қалаберді сол жерде болған "үлкен ағалардың" да арына сын ғой мынау...

Бір жағынан қазақтың саяси билігінің қаншалықты басыбайлы құл болғандығын да көрсететін ащы дерек екен...", деп жазды. 

Дегенмен көпшілік бұл Қонаевты қаралау үшін ойлап табылған оқиға десе, енді бірі мұндай оқиғаның болғаны рас деген пікір қалдырды.