Солдат шатқалындағы қар еріп жатқандықтан, биатлоннан өтетін жарыс ертеңге ауыстырылуы ықтимал

Айта кетейік, 7-Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына сәйкес, бүгін сағат 10:00-де ертең өтетін биатлоннан ерлер арасындағы 20 шақырымдық жекелей сын жарысының жаттығуы басталуы тиіс болатын. Алайда қардың еріп кетуіне байланысты жаттығулар әлі басталған жоқ. Жарыс жолына жауапты мамандардың айтуынша, жасанды қарды тым болмағанда ауа-температурасы минус үш градусты көрсетіп тұрса жасауға болады, ал қазір ауаның температурасы 6 градус жылылықты көрсетіп тұр. Қазіргі кезде еріктілердің көмегімен қар тасылып, жолдарға төселуде.

Осы жағдайға байланысты сағат 13:00 де басталуы тиіс әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жекелей сын жарысының мәселесі талқылануда. Айта кетейік, бұл жарыста мамандар жерлестеріміз Марина Лебедева мен Елена Хрусталеваны алтыннан басты үміткерлердің қатарына жатқызып отыр. Қазақстандықтардың негізгі қарсыластары жапондық Судзуки Фуюко (Suzuki Fyoko) мен Ақ Азиаданың 7,5 шақырымдық спринт жарысында чемпион атанған Ван Чунли (Wang Chunli).

Ұйымдастырушылардың айтуынша жарыс жолының бір бөлігіне қар төселінсе қашықтық кеміп, айналымдар азаяды, жарыстар жалғасын табады. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, жарыстар келесі күнге жылжытылады.