Солтүстік Корея егемендігіне қауіп төнген жағдайда, АҚШ-қа ядролық соққы жасауға дайын. Бұл туралы елдің көшбасшысы Ким Чен Ын атомдық қару дайындайтын мамандармен кездесуден кейін мәлімдеді. Ол БҰҰ-ның салған санкцияларына қарамастан, Пхеньян елдегі қару санын көбейтіп, оның сапасын жақсартуға барын салатынын жеткізді. Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, ғалымдар ядролық оқ-тұмсықтардың массасын азайтқан. Олар енді баллистикалық зымырандар жасақтауға дайын екендіктерін де ескертті. Ким Чен Ын: «жаппай қырып-жою қаруы қарсыластарының басқыншылық ниетіне қарсы тұрып қана қоймай, елдің экономикалық дамуына да кепіл бола алады» деп отыр.