Солтүстік Қазақстан облыстық кеденшілер ірі көлемде героин партиясын тәркіледі

Күдікті деп саналған екі Тәжікстан азаматының бірі із жасырып үлгерген. Алайда, кеденшілер қолында оның төлқұжаты қалып қойған. Қашқынның айрықша белгілері жаппай таратылды.

Тәжіктер бұл героинді жазғы сандалдың табанына жасырып шекарадан өтпек болған. Әрбіреуінің салмағы жарты килоға дейін жететін сандалдың салмағы мен олардың жастық астында жасырулы жатуы кеденшілердің күдігін тудырған. Сандалдың табанына арнаулы істік өткізіп көргенде ішінен ұнтақ зат шыққан. Табылған зат героин болып шықты.
Кеден басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, бұл биылғы жылы кеденшілер ұстаған төртінші героин партиясы. Бірақ бұл жолғы героин бөтен иіссіз, бөгде қоспаларсыз таза өнім болып шықты. Тұтқындар бет алған Ресейде есірткінің бұл көлемін 35 мың долларға сатуға болады.
Мамандар жоғары сапалы героин дайындалған жер мен оны сату арналарын анықтамақшы.