Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясы өткен аптада бірден бірнеше қылмыстық іс қозғады

Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД жол поициясы басқармасы дербес батальонының төрт қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар Ақжар ауданының әйел тұрғынынан автокөлік құралының құжаттарындағы беті ашылған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік материал қозғамау және әріқарай қамқорлыққа алу үшін 20 мың теңге көлемінде пара алған. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің пара алу жөніндегі 311-бабының 4-тармағының "а" және "б" тармақшалары бойынша қозғалды. Мұндай әрекет үшін 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы жүктеледі.

Сондай-ақ, 24 сәуірде қаржы полициясының қызметкерлері Петропавловск әкімінің орынбасары Павел Глованы 19-шы ықшамауданда аумағы 3,24 гектар жер телімін жеке меншікке беру мәселесін оң шешу үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара бопсалады деген күдікпен шұғыл іздестіру шараларын жүзеге асырды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жер комиссиясының төрағасы болып табылатын П. Глова өз қарамағындағы құрылыс бөлімінің бастығы, аталған комиссияның мүшесі Денис Кузнецовтың көмегімен бопсалаған.

Сол күні кешке "Вольво" маркалы қызметтік көлігінде Д. Кузнецов қала тұрғынынан 624 мың теңге және $4 800 алып жатқан сәтте қылмыс үстінде ұсталды.

25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің қызметкерлері осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің пара алуға делдалдық жасау жөніндегі 313-бабының 2 -тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, Петропавловск әкімінің орынбасары Павел Глованың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің ірі көлемде пара алу жөніндегі 311-бабының 4-тармағының "в" тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол Петропавловск ІІБ уақытша тергеу абақтысына қамалды.