Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың 2-желтоқсанында Петропавлдағы жеке меншік нотариалдық кеңселердің бірінде нотариустың көмекшісі болып істеген 23 жастағы Елена Аверичева есімді әйел кісі қолынан қаза тапқан болатын. Жас келіншек 5 айлық екіқабат еді. Тергеу барысында анықталғанындай, қылмыскер нотариалдық кеңсені тонамақ болған. Алайда, қызметкер әйелдің қарсылығына ұшыраған әлгі оны 30 жерінен пышақтап өлтірсе керек. Сонымен бірге әйелдің алтын бұйымдары да жоғалып кеткен.
Күдікті сол күні ізі суымай ұсталды. Комиссия оны есі дұрыс деп таныды. Сөйтіп, қылмыскер ҚР Қылмыстық Істер Кодексінің кісі өлтіру туралы 96 бабы, 2-тармағы, қарақшылық жөніндегі 179 бабы, 2-тармағы бойынша айыпталды. Қылмыскер дүние мүлкін тәркілетіп, 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын қатаң тәртіпті колонияда өтейтін болады.