Солтүстік Қазақстан облысы биыл 5 млн тоннаға жуық астық жинап алмақ – Назарбаев

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесті. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.


           «Ауыл шаруашылығы аймақтың дамуына серпін беретін басты күш. Жоспар бойынша биыл 5 млн тоннаға жуық астық жинамақ», - деді Н.Назарбаев.
           Ол ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті жоғары екенін, сондықтан да мемлекет бұл салаға өте көп инвестиция салып отырғанын алға тартты.
           «Біз барлық артықшылықтарымызды пайдаланып, тауарларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Неге біз сыртқа шикізат сатамыз, бірақ ұннан жасалған өнімдерді өзге елдерден сатып аламыз? Әр аймақтың өзін-өзі қажетті тағамдармен қамтамасыз етуі тиіс, артылып қалған өнім ғана сыртқы рыноктарға шығарылуы тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз осы», - деп атап өтті президент.
           Ол ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есе арттыру мақсат етілгенін алға тартқан президент: «Біз өзіміз өңдемей және қосымша құны жоғары өнім шығармайынша бұған қол жеткізу мүмкін емес және онсыз агроөнеркәсіп кешенінің рөлін күшейте алмаймыз» деді.
           Президент аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға бар мүмкіндікті пайдалану керектігін атап өтті.
           «Біз ауыл шаруашылығына арналған миллиондаған гектар алқапты шаруашылық нысандарына бердік. Алайда, көп жер бос жатыр. Сондықтан біз олардың өңделуіне мүмкіндік жасау үшін салықты қолайлы етіп белгіледік», - деді Н.Назарбаев.
           Елбасы облыста өнеркәсіпті де дамыту қажеттігін тілге тиек етті.
           «Бұл өңірде пайдалы қазбалар аз болғандықтан машина жасау, өңдеу өнеркәсібінің маңызы артып келеді», - деді ол.