Бекеттің ашылу рәсіміне ҚР қаржы министрінің орынбасары, осы министрліктің кедендік бақылау комитетінің төрағасы Бердібек Сапарбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров, РФ Сібір кедендік басқармасының, Омбы кеденінің және Ресейдің шекаралас "Есілкөл" бекетінің өкілдері қатысты.
"Бір аялдама" принципі бойынша біріккен тексеру-өткізу бекетін салуға республикалық бюджеттен 220 млн. теңге бөлінді. Ендігі жерде шекарадан өтетін көліктер фитосанитарлық, малдәрігерлік, көлік, кеден және шекаралық тексерулерден бір уақытта өте алады. Алдағы жылдан бастап қазақстандық және ресейлік кеденшілер мұнда бірлесе жұмыс істейді деп күтілуде. Баспасөз мәслихатында Б.Сапарбаевтың атап көрсетуінше, "ол үшін екі ел арасында ешбір құқықтық кедергі жоқ".
Біріккен тексеру-өткізу бекеттерін ашу туралы шешім Ресей және Қазақстан президенттерінің биылғы жылдың мамыр айындағы Челябинск кездесуінде қабылданғанын тағы бір еске салды. Алдағы үш жылда елімізде осындай 25 бекет салынады.
Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстары арасындағы шекара сызығы 320 шақырымға тең.
2005-жылдың 6 айында "Қарақоға" кеден бекетінің қызметкерлері республика қоржынына 103 млн. теңге аударды. Осынау кеден бекетінде кеден заңдарын бұзуға байланысты 4 қылмыстық іс қозғалып, 94 әкімшілік заң бұзушылыққа тосқауыл қойылды.