Баспасөз қызметінен хабарлағандай, Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында өткен аптада белгісіз адам "К-606" экскаваторын ұрлап кеткен.
"Өзімен бірге қажетті құралдарды алып қылмыскер аталмыш ауылдың 53 жастағы тұрғынының бақшасына кірген. Дәнекермен экскаваторды бөлшектеп, кранның көмегімен тиеп алып кеткен. Содан кейін ер адам 10 мың теңгеге "КамАЗ" жалдап алып бөлшектелген экскаватор бөліктерін облыс орталығына жеткізген. Ұрланған затты қара металл қабылдау орнына 300 мың теңгеге сатқан", - деп атап көрсетті баспасөз қызметі.
Экскавтордың тоналғанын білгеннен кейін оның иесі полиция бөлімшесіне хабарласқан. Жедел іздестіру шаралары барысында Қызылжар аудандық ішкі істер органының қызметкерлері күдіктіні анықтаған. Ол аталмыш қылмысқа өзінің қатысы барлығын жоққа шығармай, кінәсін мойнына алған.
"Қазіргі уақытта күдікті ешқайда кетпеу жөнінде қолхат тапсырған. Қызылжар аудандық ішкі істер органының қызметкерлері аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғау үшін материал жинастыруда. Тергеу жүргізілуде", - деп толықтырды баспасөз қызметі.