Солтүстік Қазақстан облысында М.Жұмабаев атындағы кабинет жұмыс істейді

«Солтүстік  Қазақстан облыстық  педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» филиалында  Мағжан Жұмабаев атындағы кабинет ашылды, деп жазады egemen.kz.

Білім мүйісінің  ашылу салтанатына   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Мүталлап Қанғожин қатысып, Мағжан Жұмабаев жайлы тағылымды сыр шертті.  «Өңірімізде көшелер, мектептер, аудандар ұлы шайырдың атын иеленген. Енді жерлесіміздің  есімімен беделді оқу ошағында  тағы бір  орынның аталуы оған деген шексіз құрметті айғақтаса керек», - деді ол өз сөзінде.

Кабинеттің бір бөлігіне ақынның туған жері - Сарытомардағы  мұражайынан әкелінген  жәдігерлер топтастырылса, екінші бөлігіне жыр топтамалары, өміріне, шығармашылығына қатысты  ғылыми еңбектер, зерттеулер қойылған. Бір ерекшелігі, Мағжан  жайлы  деректі, бейнефильмдер,  суреттер смарт технологияның көмегімен  электрондық түрде орналастырылған.

Бұдан былай  ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, этнографиясына, этнопедагогикасына байланысты  дәрістер осында өтетін болып шешілді.  Әсіресе, ауылдық жерлерден  кәсіби біліктілігін  жетілдіруге келген  ұстаздар үшін таптырмас әдістемелік көмек болары  даусыз.