"Петропавловск қаласынан Ресейге бет алған азамат кедендік бақылау аймағында шекарадан өтуге қажетті құжаттарды рәсімдеген кезде оның автокөлігіне тексеру жүргізілген. Кинолог маман өзінің Луч атты иісшіл иті жанармай құтысында есірткі бар екеніне нұсқағанын растағаннан кейін, кезекті ауысым қызметкерлері автокөлікті сканер кешенінің көмегімен міндетті түрде тексеріп шығуға шешім қабылдайды", - деді кеден қызметінің подполковнигі Н. Гармаш.
Оның айтуынша, кеденшілер монитордан көліктің жанармай құятын құтысынан бөтен затты көрген. Кейін анықталғанындай, "21 килограмм 705 грамм героин 17 пластик бөтелкеге, ал 7,8 килограмм гашиш мотор бөлігіндегі пештің астына орама күйінде жасырылыпты". Келесі күні жүргізілген сараптама олардағы заттардың есірткі екенін дәлеледеді.
Есірткі тасушының үстінен 6 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды : 24 баптың 3 тармағы (Тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс-әрекет), 250 баптың 1 тармағы (айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) және 259 баптың 2 тармағы (есірткілік заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, ұқсату, жөнелту, өткізу).
Кеденшілердің мәліметінше, 2007 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері 46 килограмнан астам есірткілік заттарды, соның ішінде 30,65 килограмм героин тәркіледі.