Солтүстік Қазақстан облысындағы "Қазпошта" ААҚ-ның бөлімшелеріне жаңа автокөліктер табыс етілді

Жолсыздық азабын тартып, сенімді көлікке зәру болып отырған ауыл пошташыларына барлығы 14 автокөлік - 10 УАЗ және 4 Нива, ал облыс орталығындағы байланыс бөлімшелеріне 4 "Жигули" автокөліктері табыс етілді.

"Қазпошта" ААҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұржан Қабиевтің айтуынша, жыл соңына дейін құрылымдық бөлімшелерге тағы 4 автокөлік беріледі. Бөлімшелерді техникамен толық қамтамасыз ету үшін тағы 30 автокөлік қажет.
"Қазпошта" қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілттерін табыс еткен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерік Нұрақаев елді мекендер тұрғындарын ақпаратпен толыққанды қамтамасыз етудің маңызы арта түскен ҚР парламенті мәжілісінің сайлау қарсаңындағы дәл қазіргі сәтте бұл оқиғаның маңызын асыра бағалау мүмкін емес деп атап көрсетті. Ол сондай-ақ, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер, ауыл әкімдері мен полицияның учаскелік инспекторлары да темір тұлпарлармен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Ал таяу уақыттарда жүзеге асырылуы тиіс басты мақсат - ауылдық байланыс тораптарын компьютерлермен қамтамасыз ету болмақ. Бұл көрсетілетін қызметтер желісін ұлғайтуға және оны жаңалауға мүмкіндік береді.