Солтүстік Қазақстан облысындағы тарихи өлкетану мұражайын жөндеу және қайта құру жұмыстарына республикалық бюджеттен 60 млн. теңге бөлінді

Тұтастай алғанда облыстық басты мұражайды жөндеуге 104 млн. теңге қажет. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, қалған 44 млн. теңгені бөлу көздерін үкімет тағы да қосымша қарастырмақшы.

Соңғы бірнеше жыл бойы облыстық тарихи өлкетану мұражайы ауыр жағдайда күн кешіп келеді. Қаржы тапшылығына байланысты мұражай әкімшілігі 1000 шаршы метрден астам аумақты жеке кәсіпкерлерге жалға беруге мәжбүр болған. Соның салдарынан мыңдаған мұрағаттарды қоятын жер табылмай қалды. Осыдан бірнеше ай бұрын Т.Мансұровтың бастамасымен ғимарат бөлмелері заңды иелеріне қайтарылды. Жуырда бұл жерде түрлі көрмелер мен вернисаждар қайтадан ұйымдастырыла бастамақшы.
Қазір жобалық-сметалық құжаттар мен көрмелерді рәсімдеу жобасы қаралып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мәдениет департаментінің бастығы Рустам Бекенов пен облыстық мұражайлар бірлестігінің директоры Ирина Паламарчукқа барлық тиісті құжаттарды 10-маусымға дейін бекітуге өткеруді міндеттеді.