Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қызылжар ауданында жұмыс сапарымен болды

Тамыздың 3-інде болған сапардың барысында әкім «Жол картасының» жүзеге асырылу барысымен және егін орағына дайындықпен танысты.

Атап айтқанда, С.Біләлов «Сби-Агро» серіктестігінің егін алқабын аралады. Бұл шаруашылықта 5 мың гектардан астам ауданға астық себілген. Ондағылар егін орағын 10 күннен кейін бастауды және гектарынан 12-15 центнерден астық жинауды жоспарлап отыр.

Одан кейін әкім №12 кәсіптік лицейде болып, ондағы жағдаймен танысты. «Жол картасы» бағдарламасы аясында биыл мұнда 150 орындық жатақхана, оқу корпусы және қазандық салынбақ. Осы мақсатта 100 жұмыс орны құрылған. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 250 миллионға жуық теңге бөлінген, бүгінгі таңда бұл соманың 186 миллион теңгесі игеріліп болған.

Сапар барысында әкім, сондай-ақ «Петерфельд Агро» серіктестігінің егістік алқабында болды. Бұл шаруашылық әр гектардан орта есеппен 15-20 центнерден астық жинауды жоспарлап отыр.

Әкім диқандарға алдағы егін орағында табыс тіледі.