Алматыда қоғам белсенділері Ресей консулдығының қақпасына "Солтүстік Қазақстан - қазақ жері!" деген жазуы бар плакатты іліп қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы журналист Бақытжан Бұхарбай өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Ұзынқұлақ маған "Намыс" ұйымының жастары ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың Қазақстанның Солтүстік аймағы жайлы айтқан жалған сөздеріне протест білдіріп, Ресей консулдығына "Солтүстік Қазақстан ‒ қазақтың жері" деген плакат ілгенін жеткізді. Меніңше, жігіттер бұдан әрі барып, "Орынбор ‒ қазақтың жері" деп сойып салуы керек еді. Сонда симметриялы жауап болушы еді. Не болса да, жарады", делінген жазбада.
Сондай-ақ онда наразылық танытушы жігіттерді полиция қызметкерлері ұстап алып кеткені де айтылған.