Солтүстік Қазақстанда шетелдіктерді жұмысқа алған 32 тұрғын жауапқа тартылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

СҚО аумағында 5 815 шетел азаматы және азаматтығы жоқ 255 адам тұрады. Адамдардың көші-қон заңнамасының кейбір ережелерін білмеулері мәселе болып отыр. Осыған байланысты көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік туыстары қонаққа келген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін хабардар ету қажет екенін облыс тұрғындарының естеріне салады. 

Айта кететіні, электрондық-цифрлық қолтаңба болған жағдайда, визалық-көші-қон порталы арқылы, үйден шықпай-ақ тіркеуге болады. Сонымен қатар басқа мемлекет азаматының елімізде уақытша болу мерзімі асып кетіп, оны ұзартуға немесе ҚР шығуға шаралар қабылдамаған жағдайда, келушімен бірге қабылдаушы тарап та жауапкершілікке тартылады. Алты айдың ішінде аталған нормаларды 293 солтүстікқазақстандық бұзған. 

Көші-қонмен байланысты мәселелер бойынша кеңес алу үшін біздің мамандарға жүгінуге болады,  – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов. 

Жарты жылдың ішінде біздің бұрынғы 15 отандасымыз азаматтықтарын ауыстырғандығы жөнінде уақтылы хабарламаған. Олар 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей шетелдің азаматтығын алғандығы туралы хабарлауы және қазақстандық құжаттарын ҚР ішкі істер органдарына не шетелдік мекемелерге тапсыруы қажет. Аталған норманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 


Қазақстан Республикасында болу ережелерін елімізге келген 219 қонақ бұзған. Елімізде болу ережелерін бірнеше рет бұзған 24 шетелдік шығарылды. Сондай-ақ шетел жұмыс күштерін заңсыз тартудың 32 фактісі анықталды. Шетелдіктер көбіне жеке тұлғалардың үйлеріне жұмысқа орналасады. Азаматтарды құжаттандыру бойынша жұмыс жалғасуда.