Солтүстік Қазақстандағы көлде балық жаппай қырылып жатыр

"Көлге не болып жатқаны түсініксіз. Өлі алабұғалар қалқып жүр, тірілері арасында жыбырлап қояды. Көл ішінде қырылып жатыр. Балық өте көп – бүкіл жағалауда, яғни 1,5-2 километрге созылады. Мүмкін әдейі улаған шығар немесе суға бірдеңе болған", — дейді видео авторы.

Қазір оқиға орнында облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар жағдайдың себебін анықтамақ.

Sputnik агенттігіне басқарма хабарлағандай, ахуал жайында ведомствоға су қоймасын жалға алушы айтты. Ол балықтың жаппай қырылуын өткен аптаның соңында байқаған екен. Мамандар бірден аттанған. Бастапқы деректер бойынша, 80 килограмдай балық өлген, негізінен алабұға. Олардың неден қырылғаны әлі белгісіз, алайда мамандар біраз болжам жасапты.

"Болжамдар әртүрлі, бірақ жақын маңдағы ауыл шаруашылығы алқаптарын улау әсер етсе керек, химикаттарды жел айдап келуі мүмкін. Нақты себебі тиісті зерттеулер жүргізілгеннен соң белгілі болады, — деп мәлімет берді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар әлемі және балық ресурстары бөлімінің басшысы Ерлан Тәшімов.


Оның айтуынша, су мен балық сынамасын зертханаға жіберген, нәтижесі бес күнде шығады.