Петропавлда мыңдаған қала тұрғындары мен қала қонақтары Астана күні және Петропавл қаласы күнін атап өту үшін облыс орталығындағы орталық саябақтар пен алаңдарға шықты.
«Жаңа дәуірдің жаңа Астанасы» атты мерекенің салтанатты ашылуы Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан қаланың орталық алаңында болды.
Жиналған қауым алдында Петропавл әкімі Нұржан Әшімбетов сөз алып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген Астана аз уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа, Қазақстанның мақтанышына айналғандығын атап өтті.
Мереке шығармашылық ұжымдар мен жеке әншілердің концерттік бағдарламаларымен жалғасты. Осы жерде «Отбасы мен Астанаға сыйлық: Астана күні балалары дүниеге келген отбасыларға құрмет», «Астана күні - жаңа отбасы» - Астана күнінде сәбилері дүниеге келген жас жұбайларға құрмет, «Қалыңдықтар шеруі» т.б. байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.
Көптеген мерекелік шаралар петропавлдықтардың жиі демалатын орындары, мәдениет және демалыс саябақтарында өтті. Думанды той кешкісін «Достық» алаңында болған отшашумен аяқталды.