Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
"Сотқа дейінгі тергеу кезінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полицейлері мәйітке эксгумация жүргізді. Тергеу барысында мәйіттің басқа жерге жерленгені анықталды. Былтыр қыркүйекте жерленген ер адамның мәйіті қабірден алты метр жердегі қабірден табылды", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір Қылмыстық кодекстің 314-бабы ("қайтыс болғандардың денесін және оларды жерлеу орындарын қорлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, бұл жағдай туралы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазарев хабарлады. Оның айтуынша, әкесі 2021 жылдың 11 қыркүйегінде ата-анасының қабірінің жанына жерленді. Сол маңда жергілікті кәсіпкердің ұлының қабірі бар. Қабірге апаратын екі кең жол төселген. Игорь Лазарев әкесін сол жерге жерлеу үшін жолдың біріндегі тас төсеуішті алып тастаған. Жерлеу рәсімінен кейін кәсіпкер Игорьға сес көрсете бастаған.
Оның айтуынша, кәсіпкер әкесін басқа жерге қайта жерлеуді талап еткен.
"Ол ұлының қасында ешкім жерленбеуі керек екенін айтты, әйтпесе әкемнің мүрдесін қазып алып, шетке лақтырып тастаймын деді. 11 сәуірде зиратқа бардым, әкем жерленген жер бос жатыр. Шамамен алты метр жерде жаңадан қазылған мола бар екен. Төбесінде әкемнің аты жазылған", - деді жігіт.
Ол құзыретті органдардан тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғауды сұрады. Қазір тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынған.