Солтүстікте лагердегі балалар жаппай астан ұшынды

Қызуы қатты көтеріліп, іші өте бастаған балалардың алғашқысы ауруханаға түнгі сағат екілер шамасында жеткізілген. Олар кешкі асқа винегрет салаты мен тауық етінен қайнатылған сорпа ішіпті. Қазіргі уақытта ұшынғандар саны 60-қа жетті.

Әміржан Жәниев, науқастың әкесі: 

-Ұлым реанимацияда жатыр 6 жастағы бала, қызым 11-де. Күндіз де апарып жатыр балаларды. 11-12 де болғам, балаларды әлі әкеліп жатты.

Ауруханаға түскен балалардың дені көрші Ақмола облысынан. Олар лагерге екі күн бұрын ғана келген екен. Осыған байланысты санитар мамандар жеткіншектер лагерь қабырғасында ұшынды деп дөп басып айта алмай отыр.

Евгений Пузиков, СҚО тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Мүмкін олар жолай осы лагерьге келе жатқанда бірдеңе жеген шығар. Көптеген сырқаттың жасырын мерзімі жеті күнге дейін созылады ғой. Өзге де себептері болуы мүмкін. Қазір зерттеп жатырмыз .
 

Дегенмен санитар дәрігерлер лагерьдің асханасын шұғыл тексеріп жатыр. Тиісті сынамалар  алып, ішін толығымен дәрілепті. Ал ауырмаған балалар шұғыл үйлеріне аттандырылуда. Оларға төлеген ақылары қайтарылатын болды. Ал індеттің себебін мамандар үш күннен кейін,  сынамалардың қорытындысы дайын болғанда айтамыз дейді. 

Loading...