Қазақ тілінде ән айтып, халқымызды әлемге танытып жүрген өнерпаз өзінің тыңдармандарын кезекті жаңалығымен қуантып қана қоймай, бұл жолы тіпті таңғалдырды. Ол қолына камера алып, жаңа туындысы - «Махаббат» әнін айта жүріп, бір күнде Астана қаласын аралап шыққан. Сапарын басты көшелерден бастаған әнші Есіл бойының көрікті жерлерін, қалалық №4 мектеп, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әуежай, «Хан шатыр», «Керуен» ойын-сауық орталықтары мен спорттық жаттығу орындарын аралап бәрін бейнебаянға түсіріп отырған. Бұл жолы өзін әнші, сазгер ретінде ғана емес, сонымен бірге оператор және режиссер ретінде танытқан Сон Паскальдың «Махаббат» әнінің сөзін жас ақындар жазса, сазын әншінің өзі шығарған. Ондағы негізгі тақырып ғашықтық пен сүйіспеншілік.