Соңғы 20 жылда Қазақстанның үстіндегі озон қабатының қалыңдығы 5-7 процентке жұқарды - ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі

Министрдің айтуынша, "Қазақстан озон қабатын қорғау жөніндегі ғаламдық сипаттағы проблемаға айрықша маңыз береді", сол себепті де республика осы мәселеге арналған халықаралық келісімдерге бірікті. А.Самақованың айтуынша, қазір елімізде озон қабатына нұқсан келтіретін заттарды пайдалану мөлшерін қысқарту, оларды айналымнан шығару, сондай-ақ, озон қабатын бүлдірмейтін заттарды пайдалануға негізделген озық технологияларды қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілуде.

1998-жылы Қазақстан күн райының өзгерісі туралы БҰҰ конвенциясын бекітіп, 1999-жылы аталмыш конвенцияның Киото хаттамасына қол қойды. А.Самақованың айтуынша, конвенцияға бірігуші тараптардың арнайы шешімі бойынша, Киото хаттамасы күшіне енген жағдайда Қазақстанға "ауаға тасталатын газ қалдықтарының мөлшерін азайту" міндеті жүктеледі. "Біз биылғы жыл ішінде бұл міндеттеменің Қазақстан экономикасына тигізетін әсері туралы зерттеулер жүргізбекшіміз",- деді министр.
Оның айтуынша, Киото хаттамасының талаптарын Қазақстанда жүзеге асыру тетіктерін дәйектеу үшін Жапонияның "NEDO" компаниясымен бірлесе отырып, Орал Жылу Электр Орталығында қуат үнемдеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Жапония жағы бұл жобаны жүзеге асыруға 15 млн. доллар бөлмекші. ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі "ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз" компаниясының Құмкөл кенішіндегі ілеспе газды пайдалы жарату жөніндегі жобасын да сараптады. А.Самақованың айтуынша, бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда тастанды газ қалдықтарының жылдық орташа мөлшері 500 мың тоннадан асады. Жобаға Нидерланды және Ұлыбритания тарапынан инвестициялық қызығушылық танытылған. Министрдің айтуынша, инвестиция көлемі 35 млн. долларды құрайды деп күтілуде.