Соңғы екі тәулікте коронавирус пен пневмониядан тоғыз адам қайтыс болды

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, соңғы екі тәулікте коронавирустан жеті адам, ал пневмониядан екі адам қайтыс болған.

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 3 335 адам ем қабылдауды жалғастырып жатыр. Олардың арасында 45 бала бар. Стационарларда 1 808 науқас, 1 527 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

"Жалпы, науқастардың арасында 91 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 15 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 22 науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған", - делінген хабарламада.

Өткен тәулікте  64 адамнан коронавирус анықталса, 229 адам пневмонияға шалдыққан.


Жалпы, наурыздан бері 107 723 адам коронавирустық инфекция жұқтырып, 1 722 адам қайтыс болды.

Ал 1 тамыздан бері коронавирус белгілері бар пневмонияға 32 452 адам шалдығып, 349 науқас көз жұмды.