Журналистердің жорамал есебі бойынша соңғы тәуліктерде Ташкент аумағынан 30 мыңдай автокөлік шығып кетті. Бұл астанадағы жалпы автокөліктер санының төрттен бір бөлігіне тең. Қала тұрғындарының айтуынша, олардың басым бөлігі бір аптаға кетіп жатыр. Оған себеп, мектептердегі каникул мерзімі бір аптаға созылғаны белгілі. Өзбек астанасындағы іскерлік орталықтардағы белсенділік те төмендеп, дүкендер мен қоғамдық мекемелер жұмысын тоқтатты.
Журналистер мен қарапайым тұрғындар ел ішінде болып жатқан оқиғаларға билік тарапынан түсініктеме беруге құлықсыздық танытылуына таңданыс білдіруде. Күні бүгінге дейін республика ішкі істер министрлігінің екі ғана ресми хабарламасы жарияланды. Неміс толқыны радиосы тілшісінің хабарлауынша, оларға 31 наурызда жергілікті өкімет жарылысқа тапсырыс берушілер туралы ақпаратты сәл де болса ашыққа шығаратындай құжат дайындағаны нақты мәлім болған. Алайда, бұл құжат бүгінге дейін құпия сақталып отыр. Лаңкестік әрекетттер мен оқиға құрбандары туралы да кең көлемді мәлімет таратылған жоқ.