Соңғы үш жылда қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың өсуі төмендеген

"Соңғы үш жылда қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың өсу қарқыны 15,1 пайызға, соның ішінде көшелерде жасалатын қылмыстар 17,3 пайызға қысқарған",- деді А. Шпекбав.

Оның айтуынша, полиция іс қызметінің маңызды бағыттарының бірі көшелер мен қоғамдық орындарда тәртіп сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Еліміздің қалалар мен басқа да елдімекендерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулігіне 6 мыңға жуық полиция қызметкерлері мен ішкі әскердің әскери қызметкерлері жұмылдырылады. Шұғыл басқару орталықтары да тиімді пайдаланылуда, олар қылмысқа шұғыл әрекет етуге, сонымен қатар облыс орталықтарының қылмыстар жиі жасалатын аудандарын бейне бақылаумен қамтуға мүмкіндік береді, деп атап өтті вице-министр.

"Бүгінде 16 облыстың 15-де Шұғыл басқару орталығы бар, қазір Ақтау қаласында Маңғыстау облысы бойынша монтаждау жүріп жатыр. Менің ойымша, мамыр айынан бастап барлық орталықтар бір жүйеге біріктірілетін болады, бұл аймақтардағы шұғыл жағдайларға бақылау жасауға мүмкіндік береді",- деді А. Шпекбаев.

Вице-министрдің мәліметтеріне сүйенсек, бүкіл республика көлемінде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша шұғыл басқару орталықтарының қоғамдық тәртіпті сақтауда бейне камераларды пайдалануы 3,6 есеге өскендігі байқалып отыр.

"Яғни, егер өткен жылы орталықтардың мүмкіндіктерінің арқасында 5 мыңға жуық заң бұзушылықтар анықталса, осы жылы 20 мыңнан асып жығылады",- деп хабарлады А. Шпекбаев.

Ол сондай-ақ, қылмыстардың алдын алу және ашу көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскендігін атап өтті. "Жұмысты сауатты ұйымдастыра білу керек. Біз қазір Шұғыл басқару орталықтарының тек облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ, біртіндеп аудандық деңгейге де көшу мәселесін қойып отырмыз. Бізде қылмыстық ахуалы өте нашар аудан деңгейіндегі маңызы бар және бұрын облыс орталықтары болған қалалар бар екенін ұмытпауға тиіспіз. Біз бұны үш жылдық жобаға енгіздік", деп атап көрсетті вице-министр.

Кадр жұмысы жайында әңгімелей тұрып, ол бірінші кезекте мекеме мектеп инспекторларының штаттық бірлігін ұлғайтуға мұқтаж екендіктерін айтты. "Бүгінгі күні 830 мектепте мектеп инспекторлары жұмыс істеуде. Елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар. Мақсатымыз, тым болмағанда, қалалардағы ірі және ауыл мектептерінде мектеп инспекторларының болуы. Біз бұл 2 мыңдай мектеп болады деп жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, бұл жасөспірімдер қылмысының төмендеуіне ықпал етеді", - деді А. Шпекбаев.