Соңғы жарты жылда Қазақстанда құрт ауруынан болатын өлімдер 5,4 процентке азайды - ҚР денсаулық сақтау министрлігі

Министрдің айтуынша, "Қазақстанда құрт ауруы қатаң бақылау астында".

Соңғы жарты жылда Қазақстанда құрт ауруынан болатын өлімдер санының 5,4 процентке азаюы бұған дәлел болмақ. Бұл деректі жақсы көрсеткіш ретінде алға тартқан Ж.Досқалиевтің айтуынша, бас қатыратын тауқыметтер де аз емес. Мәселен, денсаулық сақтау министрінің мәліметіне жүгінсек, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында құрт ауруына қатысты ахуал ауыр күйінде қалып отыр. Бұл аймақтардағы құрт ауруына шалдығу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен екі есе артық. Кейбір аймақтардағы ахуал сын көтермейді,- дей келіп министр, соған қарамастан, түйткілді шешуге болатынын атап көрсетті.
Министрлік мәліметі бойынша, 2003-жылдың алғашқы 6 айының қорытындысына қарағанда, елімізде құрт ауруына шалдыққан 74506 науқас диспансерлік тіркеуде тұрады екен. ҚР әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің құрт ауруына қарсы күрес мекемелерінде 6981, ҚР ІІМ-нің тергеу изоляторында 347 науқас тіркелген. 2003-жылдың бірінші жартысында 14,6 мың науқас тіркелді, олардың 1179-ы ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің құрт ауруына қарсы күрес мекемелерінде, 321-і - ҚР ІІМ-нің тергеу изоляторында тіркеуде. Республика бойынша 15,3 мың төсекке есептелген құрт ауруына қарсы 110 сауықтыру мекемесі бар. Сонымен қатар қылмыстық атқару жүйесінде 2280 төсекті 8 тубмекеме жұмыс істейді.
Бүгінде еліміз СПИД, малярия және құрт ауруымен күрес жөніндегі Ғаламдық қордың атына құрт ауруымен күрес мақсатында 11 млн. 405 мың доллар бөлу жөнінде өтініш жобасын әзірлеп отыр.