Соңғы бес жылда Қазақстанда өмір сүру қымбаттады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Finprom зерттеуіне сүйене отырып жазады.

Суық су тарифі 2,5 еседен астам өсті, электр энергиясы — 71%-ға, ал жылу — 70%-ға жуық қымбаттады. Табысы орташа және бюджетін есептеп өмір сүрет халық үшін ауыр тиіп отыр дейді сарапшылар. 

Коммуналдық тарифтер неге өсіп жатыр?

Сала мамандары мен шенеуніктер мұны инфрақұрылымның тозуымен түсіндіреді. Ел көлемінде жылу мен судың жиі үзіліп қалуы, желілердегі апаттар мен шығындар тіркеліп отыр. Бұл жүйелерді жаңарту үшін ауқымды инвестициялар қажет. Ал бұл өз кезегінде тарифтердің өсуіне алып келеді.

Ұялы байланыс

Тағы бір қымбаттаған сала — байланыс қызметтері. Соңғы бес жылда ұялы байланыс пен интернет тарифтері 44%-ға қымбаттаған. Алайда бұл базалық қызметтер ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, қазақстандықтар байланысқа отбасылық бюджеттің 3%-ынанаспайтын қаражат жұмсайды. Салыстыру үшін: азық-түлікке бюджеттің 50%-ға жуығы кетеді.

Неге бұлай? Себебі телекоммуникация операторлары инфрақұрылымды өз қаражаты есебінен жаңартып жатыр. 2023–2024 жылдары байланыс саласына 750 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Яғни мемлекеттік қолдаусыз жүзеге асқан. Алайда телеком саласында жабдықтардың басым бөлігі шетелден әкелінеді және валюта бағамына тәуелді. Ал соңғы бес жылда теңге 37%-ға әлсіреген. Бұл инвестицияны тіпті қымбаттата түседі. Соған қарамастан, тарифтер салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда.

Байланыс қызметтері баға өсімі сапаның артуымен қатар жүрген санаулы салалардың бірі. Интернет трафигі артты, жылдамдық жақсарды, қамту аумағы кеңейді. Бұл өзгерістер қазақстандықтардың цифрлық әдеттерінің күрт өзгеруімен тығыз байланысты: халық интернетті көбірек қолдана бастады, құрылғылар көбейді, онлайн-сервистерді пайдалану жиіледі.

Тағы не қымбаттады?

Қызмет көрсету секторында баға орта есеппен 61,7%-ға өскен. Дегенмен, коммуналдық салада бағаның көтерілу деңгейі одан да жоғары. Мәселен, суық су тарифі 2,5 еседен астам өскен. Қоқыс шығару 91,8%-ға, су бұру қызметі — 89,6%-ға қымбаттады. Электр энергиясы 71,6%-ға, ал орталық жылу 68,4%-ға көтерілген. Сарапшылар бұл қызметтердің барлығы орташа өсімнен әлдеқайда жоғары екенін айтады.

2025 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда не қымбаттады?

Қазақстанның кейбір ауылдарында ауызсу, ұялы байланыс тарифтері өсті. Ал Астана тұрғындары жарыққа енді көбірек төлейді. «Астана-Региональная электросетевая компаниясы» АҚ (АРЭК) электр энергиясына шекті тарифті 31,67 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Компания төрағасы Руслан Абжановтың айтуынша, 2024 жылы тариф 29,28 теңгеден 24,43 теңгеге дейін төмендетілген. Алайда қазіргі тариф шығынды болып тұр, бұл энергия таратушы ұйымдардың тарифтерінің өсуімен байланысты. Қолданыстағы тариф 1 кВт/сағ электр энергиясының өзіндік құнын да жаппайды.

«1 қаңтардан бастап қолданылып келе жатқан тариф – 24,43 теңге/кВт·сағ. Біздің жобадағы тариф – 31,67 теңге. Бұл – 29,6% өсім. Тариф құрылымын қарасақ, оның өсуі негізінен сатып алу, транзит және қуат тарифтерінің көтерілуімен байланысты», — деп түсіндірді Абжанов.

«Астана-РЭК» жобасына сәйкес, 1 мамырдан бастап тұтынушылар тобына қарай сараланған тарифтер мынадай болуы мүмкін:

​•​халық үшін — 22,43 теңге/кВт·сағ (ҚҚС-пен бірге 25,12 теңге);

​•​заңды тұлғалар үшін — 33,88 теңге/кВт·сағ;

​•​бюджеттік мекемелер үшін — 66,33 теңге/кВт·сағ;

​•​әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілер үшін — 31,67 теңге/кВт·сағ.

Теміржол жүк тасымалы

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы магистральдық теміржол желісі (МТЖ) қызметтері үшін тарифті 2025 жылғы 1 мамырдан бастап 35%-ға көтеруге қол жеткізді. Бұйрыққа Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Қосымбаев қол қойды.

«Бұған дейін ҚТЖ МТЖ қызметтері тарифін 66%-ға көтеруді ұсынған болатын. Компания басшылығы бұл қажеттілікті инвестициялық бағдарламаларды қаржыландырумен және қызметкерлердің жалақысын арттырумен түсіндірді. МТЖ қызметтері — теміржол арқылы жүк тасымалдау тарифінің бір бөлігі. Осы өзгерістерге байланысты трейдерлердің теміржолмен жүк жөнелту шығындары орта есеппен 10%-ға артады», — деп жазады ElDala.kz.

Атап айтқанда, астық тасымалы үшін электровоз қызметінің тарифі 765 теңгеден 1059 теңгеге дейін, ал тепловоз қызметінің тарифі 721 теңгеден 999 теңгеге дейін көтеріледі.

Кейбір ауылдардағы ауызсу

2025 жылғы 1 мамырдан бастап Махамбет ауданындағы су бағасы 36%-ға қымбаттады. 9 сәуірде уәкілетті орган «Махамбет су» КМК-нің 8 елді мекенге жеткізетін су тарифін қайта бекітті.

«Қазіргі тариф 221,5 теңге/м³. Монополист антимонополиялық органнан оны 1235,4 теңгеге дейін көтеруді сұраған. Алайда орган тарифті 301,69 теңгеге дейін өсіру жеткілікті деп тапты. Яғни 36% қымбаттады. Су тарифі 1 мамырдан бастап мына 8 ауылда көтерілді: Ақтоғай, Жалғансай, Сарайшық, Ескі Сарайшық, Махамбет, Талдыкөл, Сартогай, Тандай», — деп хабарлайды AtyrauPress.