Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігініңі маманы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
"25 мамырда оқу жылы аяқталады. Соған орай мектепте ұйымдастырылатын іс-шаралардың мән-мазмұны қандай болу керектігі туралы нақты талаптар бар. Бұл талаптар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Адал адам, адал азамат, адал табыс, адал еңбек» қағидаттары аясында ұйымдастырылуы керек. Яғни салтанатты іс-шараларда ысырапшылдыққа, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қандай да бір жағдайларды шектеп, тыюымыз керек. Арнайы мерекелерді ұйымдастыратын агенттіктер, ақылы әртістерді шақыру, аниматорларды жалдау сынды дүниелерге тыйым салынады", — дейді Тәрбие жұмысы және қосымша білім департаментінің бас сарапшысы Жібек Нұржан.
Студия қонағы мектеп кештерін ұйымдастыруға қатысты бірнеше ұсыныс айтты.
"11 жылдық мектепті аяқтау — ерекше сәт. Осындай жағдайда есте қаларлықтай өткізу үшін өзара кітап алмасуды ұсынамыз. Қайырымдылық іс-шаралары, табиғатқа қамқорлық, түлектердің ағаш егуі, оқушылардың 10 жылдан кейінгі өзіне хат жазып қалдыруы сынды тәжірибелерді кеңінен таратқымыз келеді. Сол арқылы түлектерімізді өзі білім алған мектебінен ажырамауға, оның дамуына үлес қосуға шақырамыз", — дейді ол.