"Соңғы мүмкіндік": Таиландтағы лицензиялық турнирге кімдер барады

Үш күнге созылған бәсеке Таиландтағы лицензиялық бәсекеге баратын боксшыларды іріктеп берді. Турнир ерлер арасында бір, әйелдер арасында төрт салмақта өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бекбауов үлгермеді, Базарбайұлы бабында

Ерлер арасында жолдама мәселесі шешілмеген бір-ақ салмақ бар. 63,5 келіде екі лицензиялық турнирден де жолдама бұйырған жоқ. Ханчжоудағы сында Ертуған Зейнуллинов, Италияда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ширек финалдан аса алмады. Осыдан соң, шиеленіс арта түсті. Дулат Бекбауовтың салмақ ауыстырғаны да қызу талқыны көбейтті. Десе де, аталған шағын турнирде барлық сұрақтың нүктесі қойылды. 

63,5 келі салмақтың төл өкілі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алдымен Ертуған Зейнуллиновті, кейін Жандос Қарабалиевті, финалда Дулат Бекбауовты жеңіп, Таиландтағы турнирге бару құқығын жеңіп алды. Аталған боксшының жеңісі ешкімге де күмән тудырған жоқ. Ал Бекбауов жарыс жақындағанда салмақ қуғандықтан, біраз күшін сарқып алғандай. Әлем чемпионатының  күміс жүлдегері бойының ұзындығы мен ірілігіне қарамастан, соққылары дәл әрі нық болған Базарбайұлына айла көрсете алмады. Бір сөзбен айтқанда, ол салмақ қуып әрі жарысқа дайындалып үлгерген жоқ. 

Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, жеңіске жеткен боксшы лицензиялық турнир қарсаңында өз кемшіліктерімен жұмыс істемек. 

«Жарыс өте әділ өтті. Кімнің қалай жұдырықтасқанын жанкүйерлер теледидар арқылы көрді.  Басшылар арнайы келіп тамашалады. Халықтың да көзі жетті деп ойлаймын.

Ескі де жаңа құрам

Әйелдер боксынан 4 салмақ дәрежесінде лицензиялық турнирге қатысатын боксшылардың есімі белгілі болды. Үш күн бойы Астана рингінде айқасқан бұрымды боксшылар арасында Назым Қызайбай (50 келі), Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Наталья Богданова (66 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) топ жарды. 

Бұл жердегі жаңа есім – Ұлжан Сәрсенбек. Жастар арасындағы әлем және Қазақстан чемпионы тәжірибелі Жайна Шекербекованы саптан шығарды. Әлем чемпионы Элина Базарова мен талантты боксшы Сымбат Әлиасқардан да басым түсті. Енді Ұлжан Таиландта лицензия үшін жұдырықтасады. 

Ал Қызайбай жолдама жолында екінші рет, Хальзова мен Богданова үшінші рет бақ сынап көрмек.

Назым Ханчжоудағы ширек финалда жеңілсе, Валентина мен Наталья Азия ойындарынан бөлек,  Италиядағы лицензиялық жарыста осалдық танытқан. Енді олар үшін ең соңғы мүмкіндік қалып тұр. Егер Бангкокте боксшы қыздарымыздың бағы жанса, Париж Олимпиадасына жол ашылмақ. 

Құраманың жаңа бапкері Елдос Сайдалин спортшылардың көп ұзамай жаттығуға кірісетінін айтты. 

Спаррингтік турнирде жеңіске жеткен спортшылар мамыр айында Таиландтың Бангкок қаласына аттанып, Олимпиаданың соңғы жолдамаларын сарапқа салады.