Сорос қоры қаржы полициясы тарапынан қысым көрсету одан әрі жалғасын тапқан жағдайда Қазақстандағы іс-қызметін тоқтатпақшы

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті "Сорос-Қазақстан қайырымдылық қоры" корпоративтік қорына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Ұйымдардың салық төлеуден жалтаруы туралы" 222 бабы, 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қаржы полициясы басшылығының пікірінше, 2002-жылдың 1-қаңтары мен 2004-жылдың 31-наурызы аралығында қор жалпы көлемі 81 млн. теңгені құрайтын әлеуметтік салықтардан жалтарған.

Ал қордың ақпаратына сәйкес, "аталған бүкіл қаржы биылғы жылдың қазан айында мемлекеттік бюджетке толық төленген".
Бұған дейін үкіметтің бұрынғы мүшелерінің "Сорос-Қазақстан қайырымдылық қоры" әлеуметтік салықтардан босатылған халықаралық ұйымдардың тізіміне енеді деген уәжіне сәйкес бұл төлемдерді аудармай келген. Ал қор бұл проблеманы азаматтық дау-дамай шеңберінде конструктивті түрде шешуге қашан да дайын. "Сорос-Қазақстан" қоры салық мекемелері тарапынан ресми мәлімдеме түсе салысымен 2004-жылдың қазан айында барлық төлем талаптарын заңдық нормаларға сәйкес тез арада төлеп шығуы бұған дәлел, дейді қор басшылығы.
"Ал халықаралық Сорос қорлары желісінің басшылығы қылмыстық қудалауды доғару туралы кепілдік пен Қазақстандағы жұмысын қалыпты жағдайда одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алу мақсатымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдаған. Әйтсе де президент тарапынан бұған жауап болған жоқ",- делінген хабарламада.