Сот Бақытбек Есентаевты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті мақұлдады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Танымал продюсер Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев 2016 жылдың маусым айында әйеліне пышақ жарақатын салып, өміріне қол сұққаны үшін сотталған еді. Алматы облыстық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты сол жылдың 3 қарашасында Есентаевты 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жазасының үштен екі бөлігін өтегеннен кейін Есентаев сотқа мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініш берді.

Сот кезінде прокурор Есентаевтың өтінішін мақұлдауды сұрады. Сол сияқты сотталған Есентаев пен оның адвокаты арызды қанағанттандыруды өтінді. Зардап шеккен Баян Алагөзова мен оның өкілі Бақытбек Есентаевтың ерте босап шығуына қарсылық білдірген жоқ.


“Қапшағай қалалық сотының 2022 жылдың 12 шілдесіндегі шешімімен, Бақытбек Есентаевты мерзімінен бұрын босату тұралы өтініш мақұлданды”, – деп хабарланды соттан.

Үкім заңдық күшіне әлі енген жоқ.