Ақша үшін 3 пен 7 жастағы қос жеткіншекті суға тұншықтырып, аяғы ауыр шешесі мен 19 жастағы бозбаланы буындырып өлтірген қаскөйлер қараша айында өмір бойына сотталған. «Қара бүркітте» жазасын өтеп жатқан үшеуіне сол түрмедегі ерекше тәртіп жандарына батса керек. Үкімді өзгертуді сұрап туыстарына апелляциялық шағым түсірткізіпті. Бүгін сол талап-арызды қарау төбелеспен басталды.
Гәп мынада, таң алакеуімде келген сотталушылардың ата-аналары мен адвокаттары ішке еніп жәбірленушілер тыста қалған. Қарасы көп тарап дәл осылай сот ғимаратына баса көктеп кірмек болды. Ақыры ішке енгендерді тысқа шығаруға тура келіп, төбелес есік алдында жалғасты.
-Сенің балаң бала, менің бала емес пе?
-Сенде біреу, менде төртеу. Өтпейсің!!
-Өл, өл, ұқтыңба сорлы өл жалмауыз!
-Менің баламның жазығы жоқ .
-Менің балам өлтірген жоқ, кінәсіз.
Әрі тартта бері тартқа айналған сот процесі ақыры айтылған уақытынан кеш басталды. Сотталған Бақытжан Мұқажановтың туыстары адвокаттарын ауыстырып тастапты. Алайда бұл заңға қайшы деп танылды.
Тұрарбек Мұқажанов, сотталушы Б.Мұқажановтың әкесі:
-Енді ана кісінің істеген ісіне көңіліміз толмады.
–Сіз сотталушы емессіз ғой.
–Иә әкесі. –
Ол не кәмелетке толмаған адам ба?
Осылайша сотталушының өзінен арыз түспей туыстарының араласпауы керектігі ескертіліп, отырыс кейінге қалдырылған. Тараптардың жаға жыртысуы осы жерде тағы басталды.
Жұмсалған жұдырықтар талайдың көзін көгертті. Тіптен кейбірі естен танып еденге құлады. Ал шаңырағы ортасына түсіп, тұтас отбасынан айрылған отағасының кеудесін кек кернеді бүгін де.
Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:
- Бұлар істеген ісіне қалай өмір сұрайды, бұлар басқаның өмірін қиды жанын жіберді жәһаннамға. Ал өзіне қалай өмір сұрайды, өзіне қалай жан сұрайды. Сонда жауызға да жан керек пе? Ол халықтың жауы.
-Арты ұрда-жық төбелеске ұласқан сот процесін тыныштандыруға тәртіп сақшылары да шақырылды. Сәрсенбіге белгіленген кезекті сот отырысына дейін тараптардың тынышталуы қажеттігі де, ескертілді. Қазір сотталушы Мұқажановтың адвокаты ауруханада екен. Сондықтан айыптының өзі арызданса іске жаңадан тағайындалған қорғаушы білек сыбана кіріспек.