Сот ҚР боксшылар федерациясының жетекшісі С.Қалиевті Алматыдағы жарылысты ұйымдастыруға кінәлі деп тапты

С.Сәрсеновтың айтуынша, сот төрайымы Шолпан Құрманбекова барлық айыптау баптары бойынша айыптаушыларды қолдады. С.Қалиев пен А.Песков ҚР әуесқой боксшылар федерациясының президенті Асқар Құлбаевты өлтіруге қасақана әрекет жасаған, жарылыс салдарынан қаза тапқан Михаил Нартовты өлтірген, заңсыз қару-жарақ сатып алып сақтаған және бопсалаушы деп танылды. Сонымен бірге С.Қалиевқа боксшылар федерациясының қаржысын жымқырған және ұйымдасқан қылмыстық топ құрған деген айыптар тағылды. Осындай айыптарға байланысты оларды сот 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Адвокаттың айтуынша, сот мәжілісінің барысында сот айыптаушы жақтың көзқарасын түбегейлі қолдап, қорғаушылардың пікірімен мүлдем санаспаған. Соның салдарынан С.Қалиев пен А.Песков кәсіби заңгерлік көмек алу мүмкіндігінен айрылды. С.Сәрсенов бұл шешімге қарсы жоғарғы сатылы сотқа аппелляциялық шағым беруге ниеті бар екенін хабарлады. Қорғаушылар С.Қалиевтің аталмыш қылмысқа қатысы жоқ деп санайды.