"Сотталушының жүрегі жоқ": Прокурор жарыссөз кезінде Бишімбаевтың өз кінәсін сезініп тұрмағанын сынға алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айжан Аймағанова жарыссөзде бірінші болып сөз сөйледі. Ол барлық дәлелдерді жинақтап, Бишімбаевтың бірнеше уақыт бойы марқұм Салтанат Нүкенованы азаптап келгенін көрсетті. 10 сағат қинап, әбден азаптады деді.

“Мүмкін сыртына қарап, ол адам мұндай бассыздыққа барады деп ойламайтын шығарсыздар. Білімі де, түр-әлпеті де тым жақсы болғанымен, жүрегі жоқ. Біз осыған дейін оның қандай жан екенін көріп, жүрексіз екеніне куә болдық. Ол кінәсін сезініп те тұрған жоқ. Керісінше, марқұмға күйе жағып, қаралап келді. Бірақ Салтанат қалай оны ашуландырғаны немесе сондайға жеткізгені айтылмады”, – деді ол.

Аймағанова ыдысқа қызыл сұйықтық құйып, Салтанаттағы гематома мөлшерін көрсетті. Ол су ішетін бөтелкені алқабилерге ұсынды.

“Бишімбаев манипуляцияны керемет жасайды. Осыған дейін шебер сценарий құрып, шімірікпей өтірік айтты. Бірақ бір өрескел қателік жіберді. Телефонының құпиясөзін айтқан кезде Салтанатты азаптаған видеолар туралы ұмытып кетті. Бұл нені білдіреді? Демек ол Салтанатты осылай видеоға түсіріп, азаптағанды әдетке айналдырған. Ол үшін телефондағы мұндай видеолардың болуы қалыпты нәрсеге айналған”, – деді Аймағанова.

Айтуынша, шетелде білім алған, Қазақстанның бетке ұстары, экономикасына жауапты болған адамның мұндай қадамға барғаны кешірілмеуі керек.