Совет дәуіріндегідей саясаттан мүлдем хабары жоқ адамдарды елге кіргізбес едім - Сәуле Дулати

Осы және өзге де сұрақтарға Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Ресей Федерациясындағы өкілдiгiнің төрайымы Сәуле Дулати (Таикешева) жауап береді.

Сәуле Совхозқызынан алдымен өзі түрлі арандатушылық жазып жатқаны туралы айтып, ол туралы пікірін сұраған кезде олардың деңгейіне түспейтінін, барлық қауымдастықтарға да саясат туралы айтудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

- Мен туралы жазып жүрген қазақтың баласы. Өзіміздің қазақ болғаннан кейін ол туралы айтқым келмейді. “Қарғайын десем — жалғызым, Қарғамайын десем — жалмауызым” деп атам қазақ айтқандай, қазақ баласы болғандықтан ол туралы айтпай-ақ қояйын. Мен Ресейде қазақ тілін, әдетін, мәдениетін әдет-ғұрпын насихаттап жүрген адаммын. Барлық жерде қандастарға көмектесіп, ғылыми конференция өткізіп, дөңгелек стол өткізіп жүргенім біреуге ұнамай жатқан сияқты. Мен өзі бейбітшіліктің адамымын. Елдер арасында достық болғанын қалаймын. Қазақстан мен Ресейдің достығы ұлғая түсуі үшін барымды салып жүрген адаммын.

- Орынбор қаласында өмір сүріп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Өзіңіз сияқты ол жақта қазақтар көп пе әлде бұрынғыға қарағанда біраз азайып қалды ма?

- 1996 жылы облыс әкімінің кеңесшісі болып кіргенмін. Сол кезде қазақтар аз болатын. Олар бірен саран болатын. Мысалы, олардың аты Бақытжан болса өздерін Боря деп қоятын. Содан кейін олардың миларын кішкене жөндеп жіберіп бойларын көтеріп, есімдерін қазақша айтатын болды. Қазақтың Ақмаңдай деген әдемі есімі бар. “Есіміңіз кім?” десем Александра дейді. “Қазақша есіміңіз” десем “По-казахски я не буду говорить. Меня зовут – Акмандай” дейді. Есіміңіз сондай әдемі десем, “мені жергіліктілер Акманда дейді” деді. Бұл бұрын болатын, қазір соңғы 15 жылда ондай жоқ. Қазақтар қазір өз есімдерімен атайтын болды. 1992 жылы мен Орынборға келген кезде қазақтар аз болатын, қазір өте көп. Бірақ, ресми түрдегі санға қараған кезде былай саны басқаша. Қуанатын нәрсе Орынборда қазақтардың көп екендігі. Алматыдан “Отандастар” қоры арқылы “Сазген сазына” келді. 30 жылда бірінші рет биыл келді. Оған дейін не Дүниежүзілік қоғамдастығы, ешкім келмеген. “Отандастар” қоры “Сазген сазына” келіп, ұлттық аспаптарды барлық қоғамдықтарға ұсынып, барлық сыйлармен келді. Қазақтардың рухы бір көтеріліп қалды. Жақын арада болған Саммиттың аясында болған үлкен концерт өтті. Оған себеп болған – Отандастар қоры. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы құрылғалы бері осындағы қазақтар ол ұйымның ешқандай жақсылығын көрген жоқ. Ал “Отандастарды” Абзал Сапарбекұлы басқарғаннан бастап ол кісі барлық Ресей өңіріне командасымен бірге өзі келіп, барлығын зерттеп керегімізді беріп жүрген кісі.  “Отандастар” қоры сияқты барлығы жұмыс істесе онда қандастарымыздың елге деген құштарлығы қызығушылығы мол болатын еді.

- Ресей мен Қазақстан арасындағы достыққа байланысты көптеген іс шараларды ұйымдастырып жүрсіз, қазіргі таңда алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Татьяна Тугайдың "Оренбургский путь Байтурсынова" деген монографиясын шығарып едік. Оның ішінде мен авторлардың арасында бармын. Ол кітаптың шығуына өзім себепкер болғанмын. Алашқа көңіл аударған Орынбардағы жалғыз ғалым, көптеген жұмыстары бар. Жақында бізге елшіліктен адамдар келген кезде қазақтың мәдениет үйі болған деген арманымызды айтқанбыз. Оның қалай болатыны белгісіз. Біз тілдер лагерін халықаралық деңгейде Ақтөбе әкімінің қолдауымен тілдер лагерін барлық Ресейдегі балаларды жинап алып барғанбыз. Балалар сондай жақсы пікірмен келді. Наурыз айына дейін Ресейдегі балаларды Ақтөбеге дайындаймыз. Биыл Ақтөбеде “Мама, папа и я” деген лагерь істейін деп жатырмыз. Оны Оңдасын Оразалин кетпей тұрып айтқан.  Енді қазір Ақтөбеге басқа кісі келді, ондай өзгерістер болмайтын шығар деп үміттенемін.


- Орынборда тұрып жатқаныңызға 20 жыл болғанын айтып өттіңіз. Отбасы, тіл деп айтып қалдыңыз. Орынборда қазақша сөйлейтін қазақ отбасылары көп пе?

- Біз осында онлайн, офлайн шеберлік сабағын өткізіп жатқанда “үйлеріңізде қазақша сөйлемесеңіздер, бұның пайдасы аз”, - деп айтқанмын. Генетикалық жад бар. Ол тілдік ортаға түскен кезде, ол қазақ екенін бәрібір де есіне түсіреді. Бұрмаласа да қазақтың сөзі шығады. Бірақ, Орынбордың қазақтары басқа жақтың қазақтарына қарағанда жақсы сөйлейді.

- Өзіңіз қазір Қазақстанға көп келіп жүрсіз. Елге оралу ойыңызда жоқ па?

- Бізде Тұрсынбек Кәкішев деген профессор болатын. Сол кісі бірнеше рет келіп кеткен кезде “Алаштың ордасы, Алаштың алтын бесігі Орынбор. Сен сол жақта біздің көзіміз болып тұра тұр” - деген өсиеті болған. Сол кісінің өсиеті маған қалып қойған сияқты. Бұл жақта елді ойлап жүрген мен ғана емеспін деп ойлаймын.

- Татьяна Тугайдың "Оренбургский путь Байтурсынова" деген кітабы туралы жоғарыда айтып өттіңіз. Осындай кітап шығару ойларыңызда бар ма? Және мұндай кітаптарға Ресейдегі қазақтардың көзқарастары қандай? Олар біздің кітаптарды оқи ма?

- Бізге Ақтөбеліктер 500 кітап берді. Әдеби, адаптацияланған кітаптар болмаса жүрмейтін сияқты. Мұндағы қазақтарға адаптацияланған кітаптар керек. Сондықтан бұл жаққа Совет дәуірінде шыққан әдеби кітаптарды жіберсе болатын еді. Дегенменде қазіргі таңда қазақ тілінде көптеген өзгерістер бар. Алматыға барған кезде ол жақтағылар “Сәуле, сен қазақшаны бізден де жақсы сөйлейсің” дейді.

- Ресейде жүрген қазақ ретінде қазақстандықтарға айтар пікіріңіз, ойыңыз болса?!

- Қазір Қазақстанда көптеген көзқарастар көбейіп жатыр. Мына жақта да көп, ол жақта да көп. Менің ойым, бейбітшілікке тырысуымыз керек. Әр мемлекет өз-өзімен бірақ, бейбітшілігімізді бұзбауымыз керек. Достығымызды бұзбауымыз керек. Ұлтшылдар көп ойлануы керек. Өйткені олар көп сөйлейді, оның таяғы кімге тиеді сол жағын олар ойланбай отыр. Қазақ жүріп, жүріп құлап қалса Ресей кінәлі болып қалып жатыр. Ол дұрыс емес. Саясатқа қоғамға белсенді адамдарды мүлдем қатыстырмау керек. Қазақстанда, Ресейде де солай саясатқа қазір көрінген адам араласып жатыр. Әр ұлтта жақсысы да, жаманы да бар. Бәріміз 100% жақсы бола алмаймыз. Қазақстанның өзінің құрыған адамдары бар, Ресейде де сондай. Менің құқығым болса, мен Совет дәуіріндегідей саясатқа қабілеті жоқ, саясатқа мүлдем хабары жоқ адамдарды тіпті блогер ретінде елге кіргізбес едім. Солар екі елді шағыстырып жатыр.