«Біз, Денис Теннің жанкүйерлері, достары, оны жақсы көретін жандар Алматы әкімдігінен Алматы қаласы Құлжа тракт, 2 көшесінде орналасқан «Халық Арена» мұз айдынының атауын тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарының (2014), Әлем чемпионаттарының (2013, 2015), Төрт континент чемпионатының (2015), Қысқы универсиада, Қысқы Азия ойындарының медальдеріне (2017) ие болған бірінші және жалғыз қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, ИСУ турнирінің медалін жеңіп алған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген шебері, алматылық Денис Теннің атына ауыстыру мәселесін қайта қарауды сұраймыз. (...) Біз, Қазақстан азаматтары қазасы әлемді қайғыртқан көрнекті мәнерлеп сырғанаушының есімін мұз айдынына беруді жөн санаймыз және оның есімін осылай ардақтағымыз келеді», - делінген петицияда.
Қазірдің өзінде петицияға 1300 жуық адам қол қойған.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың 19 шілдесі күні мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақ жарақатынан көз жұмған болатын. Көп ұзамай сотталушы Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева қамауға алынған еді. Соттың айыптау үкімімен Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде қамау талап етілді. Ал Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айыру үкімі айтылып, оны да қауіпсіздігі жоғары мекемеге қамауды талап етті.