Жеңіл атлетикадан Мәскеуде өтіп жатқан әлем чемпионатының кезекті жарыс күні, алты медальдар топтамасы сарапқа түсті. Олимпиадалық ойындардың алты дүркін чемпионы, жамайкалық желаяқ Усэин Болт 100 метрге жүгіруден алдына жан салмады.
Планетамыздың нөмірі бірінші желаяғы бұл жолы мәре сызғын 9, 77 секундта кесіп өтті. Америкалық әйгілі спринтер Жастин Гатлин күміс, ал Жамайканың тағы бір саңлағы Неста Картер үшінші нәтиже көрсетті. Әлемдік рекордтардың иегері бүгінгі жеңіспен шектелемесі анық. Өйткені алда Усэин Болтты 200 метрлік дистанция мен эстафеталық жарыс күтіп тұр. Осы күні ұзындыққа секіру секторында Лондон олимпидасының чемпионы америкалық атлет Бриттни Риздің бағы жанды. Оның көресткіші 7,01 метрге тең. Екі күн бойы жарысқан онсайысшылар додасында үздік шыққан Эштон Итон АҚШ тың қоржынына екінші алтынды салып берді. Жалпы командалық есепте әзірге қос алтын және бір күміспен АҚШ құрамасы алда келеді.
Волейболдан еліміздің әйелдер құрамасы «Әлемдік Гран Приде» бесінші рет жеңіліс тапты. Жерлестеріміз кезекті ойын күні Жапонияға жол берді. Төрт партияға ұласқан матч 1:4 есебімен аяқталды. Мұның алдын еліміздің бас командасы Польша, Германия, Италия және Аргентинаға есе жіберген еді.
Ал, Жауынгерлік «Алаш Прайд» спорт клубының екі бірдей сарбазы жақын арада Сочиге жол жүргелі отыр. Жыл сайын өткізілетін «Самбо-70» аясындағы турнирде, биыл аралас жекпе-жектің тіс қаққан шеберлері бас қоспақ. Олардың арасында біздің қос майталманымыз Арман Оспанов пен Мұрат Хантөреев бар.
7-шілде күні Алматыда Руслан Хадаевты алып ұрған Арман Оспанов, әзірге теміртор ішінде жеңіліс таппаған жауқырандардың бірі. Аралас жекпе-жек әлемінде «Сұңқар деген лақап атпен танылып жүрген Арман, Сочиде ресейлік Алексей Прудниковпен күш байқасады. Прудников өз салмағы бойынша Ресейдегі өте күшті сарбаздардың бірінен саналады. Алматыдағы «Әлем алыбы» додасына қатысқан қазақтың алып денелі батыры Мұрат Хантөреев ресейлік Евгений Ерохинмен кездеседі. Ерохин де осал қарсылас емес. Ол дәстүрлі «Битва под Москвой» турнирінде өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі шебер. Сочидегі турнир 17- ші тамыз күні өтеді.