СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Көпкүндік супервеложарыс «Вуэльтаға» дайындалып жатқан велошабандоздар үшін бес кезеңнен тұратын «Тур Бургостың» мәні өте зор.  Өйткені 24- тамыз күні Галлисиядан басталатын «Вуэльтаның» жарыс жолдары осы «Тур Бургосты» басып өтетін болады.  Жалпы «Астана» велоклубының өкілдері «Тур Бургоста» сәтті өнер көрсетті. Нибали жалпы есепте үшінші орынды иеленсе, Симоне Понци екі рет тұғыр  төріне көтерілді. Ал жарыстың бас бәйгесі колумбиялық велошабандоз Александр Рохустың қанжығасында кетті. Күміс жүлдені испаниялық  Давид Дюран жеңіп алды.

 

 

Жеңіл атлетикадан Мәскеуде өтіп жатқан әлем чемпионатында жамайкалық спринтерлер өзгелерге дес берер емес. Әйгілі желаяқ  Усеин Болттың жеңісті жолын  Шелли-Энн Фрейзер-Прайс  жалғастырды.

Лондон олимпидасының жеңімпазы 100-метрлік дистанцияны 10,71 секундта еңсерді. Кот Д Ивуарлық Мурьель Ауре  күміспен күптлесе, америкалық Кармелита Джетердің есебінде қола медаль. 400-метрге жарысқан әйелдер бәсекесінде британиялық Кристин Охуруогу үздік шықты. Оның көрсеткіші 49,41 секундқа тең. Ботсваналық атлет Амантле Монтшо күміс, ал ресейлік желаяқ Антонина Кривошапка үшінші нәтиже көрсетті. Мәскеуге жолы түскен біздің атлеттерден әзірге сыбыс жоқ. Бір білетініміз үміт артқан атлеттеріміздің алды сенімнің үдесінен шыға алмады. 

 


 

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы 14- тамыз күні «Астана-Арена» стадионында Грузиямен жолдастық матч өткізеді. Құраманың бас жаттықтырушысы Мирослав Беранек алдағы матчқа шақырылған футболшылардың тізімін жария етті.

Қазақтың  футболға келгенде ақсап жүргені қашан.  Құраманың тізгінін  Беранек ұстағанда  жанкүйерлер қауымы бұл кісіден де бір оң жаңалық күткен. Бірақ іске келгенде бәрі басқаша болып шықты. Ұлттық құрамамыз   аннан-мыннан қашқан белгісіз  футболшы сымақтардың ордасына айналып шыға келді.  Қазақ футболын қорлаған сөз айтатын бір азамат табылмады. Бәрінен де жап-жақсы ойнап жүрген қаракөздерді көзге ілмегені жанға батты. Жанкүйерлердің жан айғайы құлағына жеткен болу керек, бас бапкер бүгінгі  тізімге  едәуір өзгерістер енгзіпті.   Кеңейтілген тізімнен  бойында намысы бар  ұланымыз  Нұрбол Жұмасқалиевқа да орын тиіпті. Неде болса ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік. Ұлттық құрама жолдастық матч алдындағы  жиынға 12-тамыз күні кіріседі.