Астанада регби 7-ден ел чемпионатының төртінші кезеңі басталды. Мамыр айында жалауын көтерген еліміздің биылғы додасында ұзын-саны он бір клуб күш сынасуда.
Артта қалған үш турдың қорытындысы бойынша еншісіне 63 ұпай жазған Алматының «Динамосы » көш бастап келеді. Олардың ізін басып келе жатқан Талдықорғанның «Олимпі» де лидерден қалысар емес. Олардың есебінде әзірге 57 ұпай. Үшінші сатыға жайғасқан «Астананың» жиған тергені олардан әлдеқайда кем. Дәлірек айтсақ астаналық регбишілердің қоржынында 47 ұпай. Төртінші турдың ашылу рәсімі бүгін сағат 12:00 Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтті.
Алдағы қыркүйек айында Венгрия күрес түрлерінен әлемнің кезекті чемпионатын қабылдайды. Жылдың басты додасы алдындағы дайындық бұл күндері нағыз қызған шағында.
Грек-рим күресінен еліміздің ұлттық құрамасы осы чемпионат алдында ескі дәстүрді қайта жаңғыртқандай. Олай дейтініміз біздің балуандар кезекті оқу-жаттығу жиынына өзбек пен қырғыз ағайындарды шақырыпты. Кеңес Одағы құрдымға кеткен тұстан бері Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізбеген екен. Ал Қырғызстанмен сирек болса да тізе қосқан кездер болған. Бірақ оның өзіне де біраз жылдар болып қалыпты. Бірлескен жиынға өз бағаларын берген көршілер мұндай игі шараны үлкен жеңістерге бастайтын баспалдақ деп отыр.
Испания суперкубогы жолындағы алғашқы матчта «Барселонаны» қабылдаған «Атлетико» 1:1 есебімен тең түсті. Бірінші таймда белсенді ойын көрсеткен алаң иелері көп кешікпей есеп ашып алға шықты.
Былтыр ғана «Барселонаның» намысын қорғаған Давид Вилья, өзінің экс-клубын ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Матч бойы жүйелі ойын көрсете алмаған каталондықтар, көпке дейін таразы басы теңестіре алмай дал болды. Оның үстіне аяғынан жарақат алған Лионель Месси , ойыннан шығып қалды. Аргентиналық легионердің жарқаты қаншалықты ауыр екені әзірге белгісіз. Дегенмен сәті келгенде өз мүмкіндігін бос жібермеген Неймар «Барселонаны» құтқарып кетті. Қарымта матч араға апта салып әйгілі «Ноу Кампта» өтеді.