СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қарағандылық футболшылардың қарымта бәсеке алдындағы көңіл-күйлері көтеріңкі. Команданың бас жаттықтырушысы  Виктор Кумыков «Селтик Парк» стадионынан гол соқпай кетпейміз деп отыр. Әзірге «Астана -Аренада» соққан қос гол көңілге медет. Абырой болып, чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп жатсақ, онда мәртебелі лиганың бас жүлдесін сарапқа салатын үздік 32 клубтың қатарына қосыламыз. Екіншіден  «Шахтердің» қазынасына қомақты қаржы құйылады.  Өйткені топтық кезеңге жолдама алған командалар есебіне  бірден  8 жарым млн. евро аударылады.  Егер екі ойын нәтижесі бойынша  «Селтик» озатын болса,  «Шахтерға»  бонустық  200 мың евро тиесілі. Бірақ «Шахтердің» алдындағы мақсат тек  жеңіс.

 

 

«Вуэльтаның» үшінші кезеңінде  «РадиоШак Леопард» клубының велошабандозы Кристофер Хорнер топ жарды. Виго қаласынан шыққан велокеруен бұл күні 184 шақырымды құраған жарыс жолын басып өтті. 

41 жастағы Хорнер мәре сызығын бірінші қиса, екінші және үшінші орындарды испандықтар Алехандро Вальверде мен Хоаким Родригес бөлісті. 

Бүгінгі жеңістен кейін жалпы есепте алға шыққан Хорнер, «Астананың» капитаны Винченцо Нибалидің үстіндегі  қызыл жейдені тартып алды.   Генералдық кестеде екінші орынға сырғыған Нибали,  лидерден бар болғаны 0,08 секунд қалып келеді.  Екінші кезеңнің жеңімпазы Николас Роч әзірге үшінші орында.       

  


 

Американың ашық чемпионатына жолы түскен үш теннисшіміздің бәрі алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. Ярослава Шведова  ресейлік Ольга Пучковаға дес бермесе, Галина Воскобоева румыниялық Моника Никулескуден алда болды.

Рейтинг кестеде алдына жан салмай тұрған Серена Уильямс алғашқы айналымда өзіне жақсы таныс Франческо Скьявонені қапы қалдырды. Италиялық құрбысын 6:0 және 6:1 есебімен аямай ұтқан кіші Уильямс,

екінші айналымда біздің Галина Воскобоеваны сынаққа алады.  Ерлер додасындағы жалғыз үмітіміз Михайл Кукушкин де алғашқа сынан мүлт кеткен жоқ. Ол словакиялық  тенисшісі  Андрей Мартиннен басым түсті. Осы күні  америкалық Райан Харрисон әлемнің экс-бірінші ракеткасы  Рафаэль Надальдың алдында тізе бүкті. Испания теннисінің мақтанышы келесі турда бразилиялық Рожерио Силвамен кездеседі.