Бұл жолы бас бәйгені голландиялық велошабандоз Баукэ Моллема еншіледі. Сөреге бір шақырым қалғанда суырылып алға шыққан «Белкин Про Сайклинг» командасының өкілі сол бойы үлкен топқа жеткізбей кетті. Норвегиялық Эдвальд Хаген екінші, ал аргентиналық Максимиллиано Рикезе мәре сызығын үшінші кесті. 17-ші кезеңнің нәтижесі генералдық тізімде жоғары жайғасқан велошабандоздарға әсерін тигізе қойған жоқ. Лидердің қызыл жейдесі «Астананың» капитаны Виннченцо Нибалидің үстінде қалса, Кристофер Хорнер мен Алехандро Вальверде оның ізін басып келеді.
Шайбалы хоккейден ел чемпионатының бірінші кезеңі аясында сәрсенбі күні екі ойын өтті. Соның бірінде Павлодардың «Ертісі» өз алаңында 5:2 есебімен «Астанадан» алда болды.
Алдымен есеп ашып алға шыққан қонақтар , уақыт өте ойын тізгінін алаң иелеріне беріп алды. Алғашқы үзіліске дейін таразы басын теңестірген «Ертіс», одан әрі шабуылды үдете түсті. Кездесудің екінші бөлігі 2:1 есебімен аяқталса, шешуші кезеңде жауапсыз қос шайба соққан «Ертіс» айқын есеппен жеңіске жетті. Осы күні «Торпедо» өз алаңында «Бейбарыстан» ойсырай ұтылды. Алаң иелері соққан жалғыз шайбаға қонақтар тоғыз шайбаман жауап қайтарды. Қарымта матчтар бүгін өтеді.
Футболдан Ирландия құрамасы бас бапкерсіз қалды. 2014-ші жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында сәтсіз өнер көрсетіп жатқан Ирландиялықтар соңғы айналымда Австриядан 1:0 есебімен ұтылған болатын.
Бұл жеңілістен кейін құрама бапкері Джовани Трапат Тони өз қызметін босатты. Қазірде 8 кездесуден кейін 11 ұпай еншілеген Ирландия 4-ші орында. 74 жастағы жаттықтырушы Ирландия құрамасының тізгінін 2008-ші жылы ұстаған. Осы уақыт аралығында ол командасын 2012-ші жылғы европа чемпионатына шағарған. Бапкерлік ғұмырында ол 7 рет Италия чемпионатын, үш мәрте УЕФА кубогын жеңіп алған-ды. Енді Трапат Тонидың орнына кім тағайындалары әзірге белгісіз.