СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қос команда да өз тобындағы алғашқы кездесулерін сәтті бастаған. Лондондық клуб сырт алаңда “Марсельден” 1:2 есебімен басым түссе, “Наполи” дортмундттық “Боруссияның” жолын бөгеген болатын. Енді қоржынында үш ұпай салған бұл командалар көш бастауға тырысары сөзсіз. Бұл квартетте осал команда жоқ. “Арсенал” Англия чемпионатында көш бастап тұр. Соңғы турда сырт алаңда “Суонсимен” кездескен Арсен Венгер шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал өз кезегінде “Наполи” “Дженоаны” 2:0 есебімен ұтып кезекті үш ұпайға қол жеткізді. Енді бұл командалар арасындағы тартысты сіздер біздің арнада түнгі сағат 00:45 те тікелей эфирден тамашалай аласыздар.      

 

 

Минскіде жергілікті «Динамоны» 2:5 есебімен ұтқан Астананың «Барысы» ,  Шығыс конференция тізгінін қолға  қайта  алды. Артта қалған он  кездесуде қарсыластар қақпасына 51 шайба  соққан астаналықтар , Континентальдық лиганың рекордын  жаңартты.

Біздің хоккейшілер жекелей есептегі көрсеткіштер бойынша да ерлеп тұр.

«Гол пас» жүйесі бойынша 15 балл жинаған  Талғат Жайлауов мергендер тізімінде үшінші орынға көтерілсе, «қорғаушы-ассистенттер» тізімінде   Майк Ландин озып тұр. «Минск-Арена» мұз айдынындағы алғашқы шайбаны Талғат Жайлауов соқты. Бірақ кездесудің екінші кезеңінде алаң иелері «Барыстың» қақпасын екі рет дәл көздеді. Алайда  амалын тапқан жерлестеріміз матч соңына дейін  динамошыларды  төрт мәрте ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Осы ойында ерекше көзге түскен Брэндон Боченски есебіне үш гол жазды. «Барыс» келесі матчты  ертең Мәскеуде «Спартакқа » қарсы өткізеді.

 


 

Түркияның “Галатасарай” клубына жаңа бапкер тағайындалды. Жақында қызметінен босатылған Фатих Теримнің орнына Роберто Манчини келді.

Италиялық маманмен келісім шарт үш жылға жоспарланған.

Биылғы маусымда Манчини 3.5 миллион евроны қалтасына баспақ. Ал қалған екі жылда оның айлық табысы 4,5 миллионға өспек. 2009-шы жылдан “Манчестер Ситиді” баптаған Манчини отставкаға жіберілген болатын. Енді оның жаңа командадағы міндеті еврокубокта табысты өнер көрсету.