Багамдық Карл Хильдом 69 келіде бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасының капитанына, қауқар көрсетіп жарытпады. Есеп 3:0. Үлкен додаға үкілеп қосқан үмітіміздің бірінен аталып жүрген Дәурен келесі жолы француз Сиссохо Сулейманимен кездеседі. Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те алғашқы сыннан мүдірген жоқ. 81 келі тартатын маңғыстаулық мықтымыз фин Вилли Хукканенді жарыстан шет қалдырды. Мұндағы есептің нәтижесі де 3:0. Тәжірибелі боксшыларымыздың жеңісті жолын осы күні Берік Әбдірахманов жалғастырды. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін үмітіміз Пуэрто-Рикалық Даниэлито де ла Росадан басым түсті. Берік ширек сынға жола ашатын алдағы бәсекеде германиялық Роберт Харутюнянмен қолғап түйістіреді.
“Ақтөбе” чемпиондыққа тағы бір қадам жақындай түсті. Футболдан Қазақстан чемпионатының 30-шы турында қарағандылық “Шахтерды” қабылдаған Владимир Никитенко шәкірттері қонақтар қақпасына жауапсыз 4 доп тоғытты. Ал алматылық “Қайрат” жанкүйерлері алдында “Ордабасымен” ұпай бөлісті.
Биылғы маусымда еурокубокке баса мән берген “Шахтер” ішкі чемпионаттың жүлдесінен құр қалатын түрі бар. Ақтөбеге қосалқы құрамды жіберген Виктор Кумыков белді ойыншылармен Астанада қалуды жөн санапты. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеген “Ақтөбе” матчтың 13-ші минутында Марат Хайруллинның көмегімен есеп ашты. Қонақтар үзіліске дейін сауатты қорғанған. Бірақ екінші таймда “Ақтөбе” шабуылшыларын тоқтату мүмкін болмады. Александр Гейнрихтың соққысынан кері серпілген допты қайшылап тепкен Петр Бадло есепті еселеді. Көп ұзамай Абат Айымбетов та мергендігімен көзге түскен болатын. Ал соңғы минутта Тумир Кападзе жойқын соққысымен қортынды есепті орнатты.
Владимир Никитенко, “Ақтөбе” командасының бас бапкері:
- Чемпионат әлі аяқталған жоқ. Біз тамыздағы сәтсіз ойындарды естен шығармауымыз керек. Алда әлі екі тур бар. Осы матчтарда бар күшімізді саламыз.
“Қайраттың” биылғы жылы өз алаңындағы соңғы матчы орталық стадионға 14 мың жанкүйерді жинады. Шымкенттік “Ордабасы” алматыға тек жеңіс үшін келген. Өйткені шымкенттіктер турнир кестесінде соңғы орында. Дегенмен биыл Еурокубоктық бәсекелерге жолдама алуды мақсат еткен “Қайрат” өз мүмкіндігін құр жіберді. Аса тартыстысты өткен бәсекеде есеп ашылған жоқ.
30-шы турдың өзге де кездесулерінде “Восток” 1:2 есебімен “Атырауға” есе жіберсе, “Астана” павлодарда маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Турнир кестесінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. “Ақтөбе” 42 ұпаймен жеке дара көш бастап тұр. Басты бәсеке үшінші орын үшін өтпек. “Ордабасымен” тең ойнаған “Қайрат” “Ертіспен” ұпайы тең. Енді қалған екі кезеңде жеңімпазды білетін боламыз.