Биылғы маусым жанкүйерлер көкейінде ұзақ сақталарында күмән жоқ. Чемпиондық бәсеке, пример лигада қалу үшін күрес, бәрі осы жылы соңғы турдың еншісіне бұйырыпты. Астанада чемпиондықты тойлаймыз деген ақтөбеліктер тартысты кездесуде басты қарсыластырына есе жіберген. Ал ақтық матчта шегінерге жол жоқ. 10 мыңнан астам қызу қанды жанкүйердің алдында белін бекем буып шыққан Ақтөбе футболшылары төрт жыл бұрынғы жетістікті қайталайтынына сенімді болған. Бірақ үздік үштіктен үміт үзген Ордабасы алаң иелеріне лайықты қарсылық көрсетті. 32-ші минутта бұрыштамадан көтерілген допты Андрей Сидельников қақпасында тулатып қонақтарды алға шығарған Роман Пахолюк болатын. Мұндайды күтпеген ақтөбеліктер үзілістен кейін үлкен күшпен шабуылдап тек 83-ші минутта Юрий Логвиненконың көмегімен таразы басын теңестірді. Таблодағы көрсеткішті ұстап қалуға тырысқан ақтөбеліктердің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада не бары төрт минут өткенде орталық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Евгений Левин жанкүйерлер үмітін су сепкендей басты. Жанкүйерлер тұрмақ сол сәтте футболшылардың өзі жеңілгендеріне сенімді болған. Алайда қосымша уақытта Абат Айымбетовтың соққысы Ақтөбеге бесінші мәрте чемпиондықты әкелді.
Абат Айымбетов, Ақтөбе футбол клубының ойыншысы:
- Ұтылып жатқанда үміт жоқ деп ойладық. Соңғы минутта осындай болды. Қазіргі жағдайымды айтып жеткізе алмаймын. Бұл өмірімдегі ұтылмас сәт!
Ауыр келген жеңісті ұзағынан тойлаған футболшылар көпке дейін алаңды босатқан жоқ. Ал сүйікті ойыншыларын құттықтауға асыққан жанкүйерлер жасыл алаңға жүгіріп шығып, әр ойыншыға ыстық лебіздерін білдірді.
Турнир кестесінде Ақтөбенің ізін ала орналасқан Астана мен Қайрат еуропа лигасында доп тепсе, Ақжайық жаңа маусымды бірінші дивизионда бастайды.
Шаршы алаңның көркіне айналған қазақстандық кәсіпқой боксшы Генадий Головкин, әзірге қарсылас шақ келтірмей тұр. WBA және IBO тұжырымдарының орта салмақтағы чемпионы Нью-Иоркте кезекті қарсыласының сағын сындырды. Бұл жолы жерлесімізге америкалық Кертис Стивенс қарсы тұрды.
Генадий Головкин тіс қаққан тәжірибелі қарсыласын сегіз раунд бойы төпелеумен болды. Керек десеңіз сарай толы көрермен Генаның қатты соққысынан Стивенстің екі бүгіліп құлаған сәтіне де куә болды. Нәтижесінде әбден сілесі қатқан Кертис Стивенстің командасы сегізінші раундта кездесуді жалғастырудан бас тартты. Осы күнге дейін ринг төрінде 28 жекпе-жек өткізіп оның бәрінде жеңіске жеткен қарағандылық шебер, келесі бәсекесін 1-ші ақпан күні Монакода өткізеді. Оның атағына қол созған кезектегі үміткердің аты-жөні алдағы бір-екі аптаның ішінде белгілі болады.