Спорт жаңалықтары

Ең бастысы Сочи спорт кешендері алдағы  жауапты сынаққа толығымен дайын.  Ертең жарыс алаңына бірінші болып сноуборд өнерінің майталмандары шығады. Сонубордтың споупстайл жаттығуы бойынша өтетін бұл додаға біздің жерлестеріміз қатыспайды. Есесіне  Сочи түн жамылғанда  қазақстандық  спортшылардың алды өз өнерлерін ортаға салады.  Фристайлдың  могул түрінен өтетін  алғашқы іріктеудің ортасынан жерлестеріміз  Юлия Галышева мен Дарья Рыбалованы көретін боламыз. Юлиядан үмітіміз бар. Былтыр Галышева  Әлем кубогының үшінші кезеңінде күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ  бейсенбілік бағдарлама аясында   мәнерлеп сырғанаудан  командалық жарыстар өтеді. 

 

Бүгін Таяу Шығыстағы  ең беделді көпкүндік  Dubai Tour  велододасы басталды.    Біріккен Араб Әмірліктерінің әсем қаласында өтетін  велосайыста ондаған команда атынан 128 үміткер  сынға түседі. 

Жаңа маусымдағы алғашқы  көпкүндіктің  бас бәйгесінен  біздің Astana Pro Team клубы да үмітті.  Төрт кезеңнен тұратын  дәстүрлі жарысқа  «Астананы»  команда лидері Винченцо Нибали бастап шығады.   Онымен бірге  Дубайға аттанған команда құрамы     Ян Брайкович, Алессандро Ванотти, Валентин Иглинский, Эван Хоффман, Алексей Луценко, Джакопо Гуарньери және Андреа Гуардини секілді велошабандоздардан жасақталған.  

 


Хоккейден Қазақстан чемпионатының кезекті ойын күнінде Атыраудың «Бейбарысы» өз айдынында Көкшетаудың «Арланына» жол берді.

Алғашқы минуттан-ақ Владимир Кинги шәкірттері ширақ қимылдап, сан басымдылығына ие болды. Атыраулықтар алғышқы артықшылықты сәтті пайдалана білді. Гол авторы Дмитрий Власенков. Бірақ қонақтар өз жауабын көп күттірген жоқ. Мергендігімен көзге түскен Эдгард Бранцисс. Ал екінші кезеңде Владимир Маркелов «Арландарды» алға шығарды. Шешуші кезең басталмай жатып Яник Риндео жойқын соққысымен есепті еселей түсті. Алайда Александр Истомин командасы Александр Зубковтың көмегімен есеп айырмасын бір шайбаға қысқартты. Есеп 2:3 «Арландардың» пайдасында.