Спорт жаңалықтары

Өз айдынында өткен алғашқы екі матчты өз пайдасына шешкен  «Арыстан», Астана төрінде де жеңіс үшін барын салды.  Олардың бұл әрекеті зая кеткен жоқ. Кездесудің екінші бөлігінде  әдемі комбинацияны нәтижелі соққымен аяқтаған Донатас Кумеляускас қонақтарды алға шығарды.  Алаң иелері де қарап қалған жоқ. Реті келгенде Вадим Ермолаевтан жеткен пасты қақпаға дәл бағыттаған Алексей Воронцов  таразы басын теңестірді. Бірақ бүгінгі бәсекеде жеңіске деген жігерлік таныта білген теміртаулықтар соңғы кезеңде жеңісті жұлып кетті. «Арыстанға» жеңіс сыйлаған  бұл шайбаны Йохан Лоррейн салды.   

 

Шешенстан астанасы Грозныйда «Гран-при Бүркіт» айдарымен ережесіз жекпе-жектен ерекше турнирдің шымылдығы түрілді. Бірнеше салмақ  бойынша үздік сарбаздарды анықтайтын нокаут-системаға негізделген. 

Кеше   61,2 және 65,8 келіге дейінгі салмақ  категориялары бойынша  ширек сында күш сынасатын мықтылар белгілі болды. 61 келіде бақ сынаған «Алаш Прайдтың» лидері Асұлан Тоқтарбаев жарыс жолынан шығып қалды. Жерлесіміз аса тартысты өткен бәсекеде дағыстандық Сайд Нұрмағамбетовтен ұтылды. Есесіне қарсыласы  Гусейн Ризаевты қылқындыру әдісімен жеңген Ержан Естанов жарыстың келесі сатысына көтерілді. 9- наурыз күні   сегізбұрышқа тағы екі жерлесіміз шығады. 70 келі тартатын  Ермек Тлауов Сайд-Хамзат Авхадовты сынаққа алса,   Махир Мамедов Гусейн Омаровпен кездеседі. Одан әрі кезек жартылай ауыр, ауыр және аса ауыр салмақтағы сарбаздардың  жекпе-жектерімен  жалғасатын болады. 

 


Ұлттық Баскетбол Лигасының жарқын жұлдыздарының бірі Лейброн Джеймс рекорд орнатты. Тұрақты чемпионатта “Шарлот Бобкэтске” қарсы ойнаған “Майами” шабуылшысы 61 ұпай жинап, өзінің және командасының рекордын жаңартты.

Тартысқа толы бәсекеде “Майами” баскетболшылары 124:107 есебімен жеңіске жетті. Осы бәсекеде ерекше көзге түскен форвард сондай-ақ  жеті рет нәтижелі пас шығарып, қорғаныста да сауатты ойын көрсетті. “Майами” сапында Лейброннан кейін мергендер тізімінде Крис Бош тұр. Ол бұл кездесуде 15 ұпай еншілеген. Қатарынан сегізінші мәрте жеңіске жеткен “Майами Хит” кезекті бәсекесін бүгін өткізеді.