Айдынға шыққан бойы «Барысты» алқымынан алған алаң иелері Ари Ахоненің қақпасына голды қарша боратты. «Локомотивтің» қарқыны күшті болғаны соншалық жерлестеріміз бес минуттың ішінде үш шайба жіберіп алды. Ойын тағдырын алғашқы үзіліске дейін шешіп алған жергілікті хоккейшілер одан әрі асыққан жоқ. Екінші кезеңде Рахмановтың көмегімен есепті қысқартқан «Барыс», көп ұзамай тағы да ойынды ортадан бастауға мәжбүр болды. Қорытынды есеп 1:4. Астаналық жанкүйерлердің ендігі үміті алдағы плей-офф ойындары. Наурыздың 8 және 9 күндері Барыс өз алаңында Екатеринбургтің «Автомобилистін» қабылдайды.
Елімізде төл спортымыз Қазақ күресінің дамуына елеулі үлес қосқан Сәрсен Құранбек жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол спорт агенттігінің төрағасының орынбасары.“Қазақстан Барысы” Қазақ күресінің даму қорының атқарушы директоры болған ол, бірнеше жыл жемісті еңбек атқарған.
“КТК” арнасы мұрындық болған теңдесіз жоба “Қазақстан Барысы” додасының мінсіз ұйымдастырлуына өз үлесін қосқан Сәрсен Құранбек енді жаңа қызметке кірісті. Білікті маман енді бұқаралық спорттың дамуын қадағаламақ.
“Барселона” қорғаушысы Карлес Пуйоль маусым соңында клубтан кететінін мәлімдеді. Көп жылдар бойы каталондық команданың капитаны әрі символына айналған футболшы соңғы екі жылда алаңға сирек шыққаны рас.
Басты себеп-тізе жарақаты. Пуйольдың жағдайын түсінген клуб басшылығы барлық құжаттарды реттеп қойыпты. Тіпті қалған екі жылдың келісім-шарты да футболшының қалауымен бұзылған. Соңғы екі операциядан кейін өз-өзіне келе алмаған қорғаушы осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдым деп отыр. Карлес Пуйоль “Барселона” футбол академиясының түлегі. Осы клуб сапында ол 15 маусым бойы өнер көрсеткен. Әзірге каталондық үлкен футболдан кететінін немесе, басқа командада өнер көрсететіні жайында кесіп айтпады.