Білектілер айқасы аса тартысты өтті. 20 команда арасында Қазақстан күш құрылымдарының қызметкерлері де бар. Олар жұдырықтаудың қыр сырын жетік меңгерген кәсіби спортшылар. Сондай-ақ, турнирден нәзік жанды әйелдер де шет қалған жоқ. Бірнеше спорт түрінің жиынтығынан құрылған жекпе-жекте мықтылардың мықтысы іріктелді. Сөйтіп, командалық есепте Ақмола бірінші, Ішкі істер минстрлігі 2-ші, ұлан командасы 3-ші орынды бөлісті.
Алматыда ауыр атлетикадан Қазақтың спорт және туризм академиясының бірінші ашық чемпионаты өтті. Академияның 70 жылдық мерейтойына арналған жарыста жүзге тарта ауыр атлеттер күш сынасты.
Профессор Синклердің формуласына сәйкес жасалған есептеу бойынша Азамат Рымқұлов пен Әсел Амангелді ашық чемпионаттың үздік ауыр атлеттері атанды. Өз салмақтарында топ жарған Азамат пен Әсел бір айдан кейін Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатында Алматы қаласының намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ бүгінгі сынақта Айзада Муфтилда, Раушан Мешітханова, Александр Ким және Нұрсұлтан Ибрагимов сынды атлеттер жоғары нәтиже көрсете алды. Олардың бәрін сәуір айында Қазақстан чемпионатының ортасынан көретін боламыз.
Классикалық «Париж-Ницца» көпкүндігі колумбиялық шабандоз Альберто Бетанкур Гоместің жеңісімен аяқталды. Жеңімпазға 29 секунд ұтылған «Астана» велоклубының өкілі Якоб Фульсанг, генералдық тізімде бесінші орыннан табылды.
Көпкүндіктің шешуші кезеңінде француз Артур Вишо үздік шықты. Испаниялық Хосе Хоакин Рохас екінші, ал француз Сириль Готье көмбеге үшінші келді. Мәреге алдыңғы топпен бірге жеткен Якоб Фульсанг 17 орынды місе тұтты. Классикалық веложарыстың бас бәйгесін иемденген Альберто Бетанкур соңғы кезеңде сегізінші нәтиже көрсетті.